Экология

Өткен жылы экологтар 140-қа жуық заңбұзушылық анықтады

 

 

Солтүстік өңірдің ауасы өзге облыстарға қарағанда тазарақ. Бұл туралы бізге облыстық экология департаментінің мамандары айтты.
Экологиялық ахуал үнемі бақылауда. Өткен жылы солтүстікқазақстандық экологтар 60-қа жуық тексеріс жүргізген. Оның 20-сы жоспарға сай профилактикалық болса, 29-ы жоспардан тыс өткізіліпті. Нәтижесінде 140-қа жуық заңбұзушылық анықталған.

АЗАМАТ БЕКТАСОВ, СҚО бойынша экология департаментінің басшысы:
–  Оның ішінде 56 әкімшілік іс қозғалды. 54-і біздің департаменттің құзіретінде қаралып, жалпы сомасы 40 млн-ға жуық айыппұл салынды. Қазіргі таңда 32 млн айыппұл өтелді. Қалған 7 млн-ға өтеу мерзімі шыққан жоқ. Сонымен қатар, әкімшілік баптардың кейбірін сот өкілдері шығарады. 4 әкімшілік істі біз сот өкілдеріне жібердік. Оның шешімі бойынша айыппұлдар салынды.

Заңбұзушылықтар әр түрлі. Тұрмыстық қалдықтарды рұқсат етілмеген жерге төгу, қандай да бір құжаттың болмауы. Былтыр департамент осындай олқылықтарға жол берген 4 кәсіпорынға қатысты, тіпті, жұмысын тоқтату жөнінде сотқа ұсыныс жіберген. 2 іске қатысты шешім шығып, қос нысанға жұмысын уақытша тоқтатуға тура келіпті.
Өңірде қоқыс мәселесі өзекті. Облыс аумағында 450-ден астам қоқыс үйіндісі бар. Оның 335-і заңды болса, қалғаны заңсыз.

АЗАМАТ БЕКТАСОВ, СҚО бойынша экология департаментінің басшысы:
– Осы 454-тің 11-і экологиялық рұқсатын алған. Былтыр 16 полигон болды, қазіргі уақытта 11-і қалды. Сонымен қатар, біздің министрлікпен және “Қазақстан ғарыш сапары” компаниясы арасында келісімшарт бар. Соның аясында облыс орталығының 50 шақырымдық айналасындағы заңсыз қоқыс үйінділердің суретін жібереді. Биылғы жылы 233 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталды. Оның 96 пайызы жойылды.

Облыстық экология департаментінде арнайы зертхана бар. Негізгі жұмысы – атмосфералық ауа, су, топырақ және радиацияға алынған сынамаға зерттеу жүргізу.

ДАМИР ЖҰМАБАЕВ, СҚО бойынша экология департаментінің бөлім басшысы:
 – Біз атмосфералық ауа, судың сапасына қатысты зерттеу жұмыстарын жүргізіп тұрамыз. Көрсеткіш нормаға сай келеді.
Есіл өзенінен сынама алдық. “Севказэнерго”, “Қызылжар су” кәсіпорындары шығаратын қалдықтарға жақын орналасқан суға талдау жүргіземіз. Нәтижесі көңіл көншітеді.

Экологтарды тазалықты бақылап қана қоймай, соны сақтауға өздері де ат салысады. Былтыр жиі өткізген шараларының бірі – “Таза ауа” акциясы.
Оның аясында 33 қоғамдық көлік тексеріліп, 22-сінде бөлінетін газдың нормадан тым асып кеткені анықталған. Айыптыларға айыппұл салынды.