СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі мен министрлер өңірдің проблемаларын талқылады

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров пен Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Астанада екіжақты кездесу өткізді. Жүздесуде аймақ басшысы аудандар мен облыс орталығында ұйымдастырылған халықпен кездесулер барысында көтерілген түйткілді мәселелерді ортаға салды. Мысалы, тұрғын үй құрылысы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жол және су құбыры желілері саласындағы проблемаларды шешуге тоқталды. Жиында іске асыру 2023 жылға жоспарланған өтпелі және жаңа жобалар таныстырылды. Атап айтқанда, тұрғын үй құрылысын, ықшам аудандар мен «Қызылжар» арнайы экономикалық аймағының инженерлік желілерін, инфрақұрылымды, жол салу мен жөндеуді және ауыл тұрғындарын сумен қамтамасыз етуді қосымша қаржыландыру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, бұл күні Айдарбек Сапаров оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевпен кездесті. Кездесу барысында білім сапасын арттыру және болашақта облыста 4 мектеп салу көзделген «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру тақырыптары қозғалды.