Қоғам

Коммуналдық қызметтердің тарифі өзгермейді

 

Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыс бойынша департаменті өңірде 48 субъектінің жұмысын реттейді. Өткен жылы аталған ведомство өкілдері тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында бірталай шаруаның басын қайырған. Былтыр мемлекеттік органға 137 өтініш түсіпті. Басым бөлігі – жеке және заңды тұлғалардың арыз-шағымдары.

Дамир Тоқтамысов, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті СҚО бойынша департаментінің басшысы:
 – 3 өтініш бойынша жоспардан тыс тексеріс жүргізілді. Қорытындысы бойынша нұсқама шығарылды. Табиғи монополиялар субъектілері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 9 әкімшілік іс қозғалды. Оның 6-уы бойынша 2 млн 195 мың теңге көлемінде айыппұл игеріліп алынды. Себебі, бұл субьектілер ҚР Табиғи монополиялар заңнамасында белгіленген талаптарды орындамаған.

Әкімшілік жауапкершілікке “Севказэнерго”, “СК РЭК”, “Севказэнергосбыт” секілді компаниялар тартылыпты. Соңғысы бойынша, тіпті, сотқа арыз жолданған екен. Тұрғындардың өтініші бойынша жіберілген құжатта жылу энергиясы ысырабын назарға алып, қайта есептеу жүргізу қажеттігі жазылған.

Дамир Тоқтамысов, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің СҚО бойынша департаментінің басшысы:
 – Соттың шешімі бойынша 2020-2021 жылдар аралығында негізсіз төлемақы алған “Севказэнергосбыт” төлемдерді кері қайтарды. Яғни, төлемдер қайта есептеліп, қала тұрғындарына 22,5 млн теңге қайтарылды.

Петропавл 2-жылу электр орталығында наурыз айында көрсетілген сапасыз қызметтер үшін қайта есептеу жүргізілгенін айта кетейік. Қайта есептеудің көлемі 101,7 млн теңгені құрайды.
Сөз барысында Дамир Тоқтамысов коммуналдық тарифтерге қатысты да ақпармен бөлісті. Оның сөзінше, жоспар бойынша ағымдағы жылдың 1-ші қаңтарынан тарифтер 10 пайызға көтерілуі тиіс болатын. Бірақ, бұл мәселе қайта қаралған.

Дамир Тоқтамысов, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің СҚО бойынша департаментінің басшысы:
– Тарифтер сметалар мен инвестициялық бағдарламаларды орындау бойынша ескеріледі. Есептің қорытындысы бойынша департаментпен тарифтердің құнын өсірмеу бойынша шешім қабылданды. Себебі, табиғи монополиялар субъектілері өздерінің міндеттемелерін орындамаған.

Дегенмен, өзгеріс болуы мүмкін. Егер алдағы уақытта табиғи монополиялар субъектілері қызмет көрсету сапасын арттырып, инвестиция тарту арқылы тозған құралдарын жаңғыртып жатса, онда тарифтердің құны қайта қарастырылуы ықтимал.