СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтар

Зауыттардағы бос орындар жөнінде ортақ база құрылады

 

 

Облыс әкімі Айдарбек Сапаровтың Петропавлдағы өндіріс ошақтарын аралауы жалғасуда. Бұл – Киров атындағы зауыт. Мұндағы бес рет өлшеп, бір рет кесетін мамандар жақында ғимаратқа адамның бет-бейнесін автоматты түрде тану арқылы кіргізіп-шығаратын қондырғыны ойлап тапты. Әрбіреуі 5 млн теңге тұратын басқару жүйесін әскери бөлімдердің кіреберісіне қоюға болады.


АЙНАГҮЛ РАХМЕТОВА, “С.М.Киров атындағы зауыт” АҚ бас директорының орынбасары:

–  Елімізде 200-300-дей әскери бөлім бар. Солардың барлығына өзіміздің өнімімізді қойсақ, біраз пайда табар едік. Бізге Қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасасу қажет. Осы бағытта көмектесулеріңізді сұраймын.

Айдарбек Сапаров орынбасары Дәурен Жандарбекке мәселені бақылауға алып, көмектесуді тапсырды. Елімізде көпқабатты баспа платаларын шығаратын жалғыз Киров атындағы зауыт өздері жинайтын планшет және ноутбукпен де мақтана алады. Әзірге, мұндай заман игіліктері мемлекеттік қызметкерлер үшін жиналып жатыр. Болашақта халықтың барлығына қолжетімді болмақ.

Біздегі планшет пен ноутбуктер сапалы әрі шетелдік өнімдерден 40 пайызға арзан. Келесі зауыт – “Мұнаймаш” акционерлік қоғамы. Отандық мұнай-газ саласына қажетті дүниелердің біразын жалғыз өзі шығаратын кәсіпорын былтыр әжептәуір пайдаға кенеліпті. Облыс әкіміне кіріс жайлы бас директордың орынбасары Федор Дмитриев баян етті.

Өткен жылы кәсіпорын мемлекет қазынасына 750 млн тарта салық аударған. Биылғы мақсат – табысты 6,5 млрд-қа жеткізу. Әзірге, 1 млрд теңгенің келісімшарты жасалыпты. Жыл артқан сайын қаладағы “Трибо” серіктестігі де өндіріс көлемін ұлғайтуда. Мұнда вагондарға арналған тежегіш табандықтар жасалады. Теріскейлік тауарға сұраныс жоғары. Өнім ішкі және сыртқа нарыққа да саудаланады. Аймақ басшысы «ПетроМашЗавод» серіктестігінде де болды. Бұл жерде мұнай-газ саласына қажетті жабдықтар әзірленеді.

Өндіріс ошақтарымен танысу барысында Айдарбек Сапаров директорлардан толғандырған проблемаларды сұрады. Басшылардың бәрін кадр тапшылығы алаңдатып отыр. Түйткіл тез арада шешімін табуы тиіс.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
–  Әр зауытта 25-30 адам жетпейді. Жұмыс орындары бар. Курстан өтіп, осы жерге жұмысқа орналасса болады.

Мәселені шешуде ақпараттық жұмыстың да маңызы зор. Адамдардың бәрі кәсіпорында бос орынның барын білмеуі мүмкін. Сол үшін болашақта зауыттарға негізделген ортақ база қалыптаспақ.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
–  Жалақы 275 мыңнан басталып, 320 мыңға дейін барады деп жатыр. Қандай тамаша жалақы. Біз зауыттарға қажетті мамандарды анықтаймыз. Ақпар халыққа жеткізілетін болады.

Бұл жұмыспен жауапты басқармалар айналысады. Кейін зауыттардағы бос орындар бойынша жәрмеңке өтуі ықтимал.