Қоғам

Облыс жолдарын тазалауға 142 техника жұмылдырылған

 

Өткен демалыс күндері қар молынан жауып, қаланы кәдімгі оппа қар жапты. 200-ден астам маман бөлінген 9 маршрут бойынша әрекет еткен. Жолдарды қардан тазарту жұмыстары бүкіл қаланы қамтыды. Бұл іске барлығы 200-ге жуық техника жұмылдырылды. Қызметкерлер кешкі 8-ден таңғы 5-ке дейін бел жазбай еңбек етті, ал жексенбіде іске 2 сағат бұрын ертерек кіріскен.

ӘСЕМ АЙТУЛОВА, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:
– 5-тен 8-ге дейін қала бойынша құм-тұз қоспасын себу бойынша жұмыстар жүргізіледі. Жалпы, биылғы қысқа бізде 2,5 мың тонна қоспа дайындалған болатын. Тағы тұрғындардың естеріне сала кетеміз: кешкі, түнгі уақытта көліктерін жолдың шетіне қалдырмаса екен. Себебі, бұл техниканың өтуіне үлкен кедергі келтіреді.

Сонымен қатар, бүгіндері облыс жолдарында қар тазалауға 260-тан астам маман мен 142 техника жұмылдырылған. Қызметкерлердің қаланыкіндей тұрақты кестесі жоқ. Яғни, айналаны ақ ұлпадан күндіз-түні тазалай береді.

ЕРДЕН ШОРТЫБАЕВ, СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы:
– Қазіргі уақытта Айыртау, Аққайың, Тайынша, Тимирязево, Шал ақын, Ғ.Мүсірепов және Уәлиханов аудандарында жол қозғалысы шектелді. Қар тазалау бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Айта кетсек, біздегі облыстық маңызы бар жолдардың ұзындығы 2 мың шақырымға жуықтайды. Оның 400-ден астамы – қар ұстайтын учаскелер. Синоптиктерден келген ақпаратпен де бөлісуді жөн көрдік. Соңғы 3 күнде өңірге қалыңдығы бір қарыс болатын қар түскен.