СҚО әкімдігі

Облыс әкімі тұрғындарды жеке қабылдады

 

Облыс әкімі Айдарбек Сапаров жеке қабылдау өткізіп, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Өңір басшысы ең бірінші болып Альбина Кудырованы қабылдады. Петропавл тұрғыны келешекте Береке ықшам ауданында 200 орынға шақталған балабақша құрылысын бастауды жоспарлап отыр. Бүгінде ол жер учаскесін сатып алып, өз жобасын облыстық білім және қаржы басқармасының өкілдеріне де таныстырыпты.

АЛЬБИНА КУДЫРОВА, қала тұрғыны:
– Олар жобаның тым қымбат екенін айтты. Сондықтан, оны мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде жүзеге асырғым келеді. Жалпы, бүгінде мен шағын орталықтың жетекшісі болып еңбек етемін. Жеке инвесторларым да бар.

Облыстық қаржы басқармасындағылардың сөзіне қарағанда бұл жоба мемлекет үшін тиімсіз. Балабақша құрылысын жүргізуге шамамен 1 млрд теңгеден астам қаржы қажет.

НАТАЛЬЯ ДЫШКАНТ, СҚО ҚАРЖЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
– Біз бұл жобаны зерттеп шықтық. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынса, толығымен өңір қазынасынан қаржыландырылады. Ал ол бюджет үшін тым қымбатқа шықпақ. Сондықтан, біз аталған жобаны қайта қарап шығып, белгілі бір шығынды өз мойындарына алу бойынша ұсыныс тастадық.

Облыс әкімі Айдарбек Сапаров та бұл жобаны қайта қарап шығу керек деп санайды. Осыған байланысты сала мамандарына тапсырма берді.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
– Жобаны тағы бір мәрте қарап шығыңыздар. Балабақша мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде салынатын болса, мемлекет аталған нысанды алдағы 7 жылда сатып алуы қажет. Егер бұл тиімді болса, жұмысты бастау керек. Ал бюджетке шығын әкелсе, нақты жауап беру қажет.

Келесі болып облыс әкімінің қабылдауына Мамлют ауданының тұрғыны Закир Лиров келді. Ол осыдан бірнеше жыл бұрын мемлекеттік бағдарлама бойынша Жамбыл облысынан қоныс аударған. Бүгінде ірі қара өсірумен айналысады.

ЗАКИР ЛИРОВ, МАМЛЮТ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 – Бүгінде 63 бас ірі қарамыз бар. Алда оны 100-ге дейін жеткізу жоспарда тұр. Алайда, жемшөппен қамтамасыз ету мәселесі өткір. Солтүстікке қоныс аударған кезде бізге жер беріледі деп уәде берілген еді. Бірақ, ол орындалмады. Шөп шабайық десек мүмкіндік жоқ. Әрбір жерде өз иесі бар. Бізге шабындық жер берілсе дейміз. Өзіміз еңбек етіп, жұмыс істейтін едік.

Әкімнің жеке қабылдауына Мамлют ауданының әкімі Владислав Лукин қашықтан қатысты. Оның сөзіне қарағанда алдағы уақытта жер учаскелерін беру бойынша конкурс өтеді. Оған аудан тұрғыны Закир Лиров те қатыса алады. Өңір жетекшісі Айдарбек Сапаров бүгін көтерілген әр мәселенің назарда болатынын жеткізді.