Құқық қорғау органдары

Ұрыны ұстау үшін сатушы «SOS» батырмасын пайдаланған


 

Сауда орнынан күміс алқаларды қолды қылған ұры 1 сағаттың ішінде ұсталды. Оқиға Нұрсұлтан Назарбаев көшесінде тұрған «Северный» дүкенінде болды. Сатушы тауарларының арасынан 3 бірдей күміс алқаны ұрлап жатқан ер адамды көріп қалады. Соңынан тұра жүгірген сатушы жете алмасын білген соң көшеде тұрған «SOS» батырмасын басып қалады.

На пересечении улиц Назарбаева – Гашека в сторону Шухова мужчина направляется, одетый – чёрная куртка, чёрная шапка. Примите меры к задержанию. Как принимаете?

ҚҰМАР ЖҮНІСОВ, қалалық ПБ жедел басқару орталығының инспекторы

– Оқиға орнына біріктірілген полиция күші жіберілді. Назарбаев пен Гашек көшелерінің қиылысында орналасқан бейнебақылау камерасы арқылы күдікті көзге түсті. Жедел түрде жол полиция қызметкерлері жіберіліп, күдікті азамат ұсталды.

Бұл факті Қылмыстық кодекстің 191-бабы «Тонау» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Ұрланған заттар тәркіленіп алынды, 50 жастағы ер адамға қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.
Қазір облыс орталығында адам көп жүретін орындарда барлығы – 7 «SOS» батырмасы бар. Биыл оның қатары көбейеді.

Гульден Симбаева