СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Петропавлдағы кәсіпорындарды аралады

 

 

Қаладағы қағаз фабрикасы өнімнің 20-дан астам аталымын шығарады. Өндіріс ошағының тыныс-тіршілігімен облыс әкімі Айдарбек Сапаров барып танысты. Жұмыс барысында негізінен жергілікті жерде жиналған шикізат қолданылады: оның 30 пайызы – целлюлоза, қалғаны – макулатура. Кәсіпорында 50 адам жұмыс істейді. Алдағы уақытты тағы осынша тұрғынды еңбекпен қамту жоспарланып отыр.

Айдарбек Сапаров қала әкімі Руслан Аңбаевқа кадр тапшылығы мәселесін шешуді тапсырды. Фабрика қызметкерлері үшін қажетті жағдайдың барлығы жасалған. Жалақы көлемі 200 мың теңгені құрайды.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– “Ищите людей сюда. 40-50 человек отправьте сюда, пусть 20 примут.
Многие ищут работу, а не знают куда трудоустроиться. Займитесь, дайте поручения”.

Осыдан кейін өңір жетекшісі көтерме-тарату орталығындағы көкөніс қоймасына барды. Бұл жақта азық-түлік, тұрмыстық химия және тағы басқа тауарлар сақталады. Нысанның сыйымдылығы – 2 мың тонна. Айдарбек Сапаров Петропавл ауыр машина жасау зауытының жұмысын да көріп қайтты. Кәсіпорын қызметкерлері мұнай өнеркәсібіне арналған жабдықтардың бөлшектерін жасайды.

МИХАИЛ ВОЙСКОВОЙ, “ПАМЖЗ” АҚ бас директорының орынбасары
– 2022 жылы 10 млрд теңгенің өнімін өндірдік.
Биылғы меже 7 млрд-қа жетеді деп жоспарлап отырмыз. Дегенмен, одан да асуы мүмкін. Негізі, тағы бір келісімшарт жоспарлануда. Оның қаржылық көлемі 1 млрд теңгені құрайды. Жалпы, жыл соңына дейін қуаттылықты арттыруды көздеп отырмыз.

Өз кезегінде аймақ басшысы жұмыс көлемін кем дегенде 15-20%-ға ұлғайту қажеттігін атап өтті. Облыс орталығында “Cool Infinity” вагон құрастыру зауытының жұмысы да қызған. Өткен жылы кәсіпорында 140-қа жуық вагон жиналды. Биыл көлемді ұлғайту жоспарлануда. Айдарбек Сапаров көпсалалы жабдықтар зауытында да болды. Бұл – елдегі бұрғылау қондырғылары мен олардың қосалқы бөлшектерін шығаратын жалғыз кәсіпорын. Мұнда өткен жылы 1,5 млрд теңгеге 7 қондырғы жасап шығарылған.

ЕЛЕНА БАЛЯРИХИНА, “Көпсалалы жабдықтар зауыты” ЖШС директоры
– Осы жылға 5 қондырғы жасау жоспарланған. Тағы 7 данаға арналған тендер өтуі тиіс, оған қоса франциялықтардан 2 бірлікке тапсырыс түсуі тиіс. Қалғанын алып үлгермейміз. Олардың өздерінің инвестициялық жоспарлары бар. Біз оларға ішкі жабдықтар, яғни станоктар әзірлейміз.

 


Бүгіндері зауытта 142 адам еңбек етеді. Олардың орташа айлық табысы – 198 мың теңге. Айдарбек Сапаров қаладағы маңызды нысандарды аралап жүріп, “SMB Group Family” серіктестігіне де бас сұқты. “Поиск” венчурлық фирмасы да назардан тыс қалған жоқ. Мұнда мұнай өңдеу және геологиялық барлау кешендеріне арналған жабдықтар мен қосалқы бөлшектер өндіріледі.