ТЖ

Жаңа жылдың алғашқы күні 2 адам өрттен көз жұмды

 

 

Жыл басталмай жатып өңірде 8 бірдей өрт оқиғасы тіркеліп үлгерді. Өкінішке қарай, 2 кісі тілсіз жаудың құрбаны болды. Қос фактінің бірі қаңтардың 1-і күні таңата Жұмысшы кентінде тіркелді. Мұнда жер үй отқа оранып, 89-шы жылғы ер адам көз жұмды. Ал 90-шы жылы туған азаматты сол маңда жүрген 19 жастағы қыз құтқарып қалды. Мамандардың сөзінше, жерлестеріміз пешті жанармай құйып тұтатқан. Арты өртке ұласыпты. Ал екінші факті Бескөлде тіркеліп отыр.

ДМИТРИЙ РАСТИХИН, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:
–  Қос фактіге де тұрғындардың салғырттығы себеп дегіміз келеді. Бескөлде масаң күйдегі ер адам төсекте жатып темекі шеккен. Жұмысшы кентінде де жігіттер спиртттік ішімдік ішкен.

Демалыс күндері ауа райы да әлекке салды. Абырой болғанда, өңір трассаларында қар құрсауында қалған немесе жол шетіне шығып кеткен көліктер тіркелмепті.

АСЕТ ШАЙКИН, СҚО ТЖД бөлім бастығының уақытша міндетін атқарушы:
–  Өңірдің автомобиль жолдарын қардан тазарту үшін барлығы 200-ден астам техника жұмылдырылды. Барлық ауданда 14 іздестіру-құтқару жасағы құрылды. Арнайы тегеурінді техника да әзірленді. Оныңмен қажеттілік туындаған жағдайда зардап шеккендерге жетіп, көмек бере аламыз.

Бүгінде облысымызда 309 жылыту қосыны жұмыс істеп тұр. Жыл басынан бері пунктердің көмегіне жүгінген немесе жеткізілген жандар тіркелмепті. Қоса кетейік, ауа райының қолайсыздығына байланысты қазіргі таңда Ақжар ауданындағы жолдар жабық.