Білім

Қазақстанда 220-дан астам мектептің құрылысы басталады

 

Үкімет басшысының баспасөз қызметі хабарлауынша, биыл жаңа «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске асырылады. Оның аясында 842 мың оқушыға шақталған және қажетті жабдықтармен толық қамтылған 400-ге жуық мектеп салу жоспарлануда. Бұл мектептер қала мен ауылдағы білім беру сапасын біртіндеп теңестіре келе, қазақстандық білім беру саласын жаңа деңгейге көтереді. 2023 жылдың өзінде республика өңірлерінде 220-дан астам ғимараттың құрылысы басталады. Сондай-ақ, елді мекендерде медициналық қызмет көрсету сапасын жақсартуға арналған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша да жұмыстар жүргізіледі. 2026 жылға дейін 655 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысандарын салу, реконструкциялау және жабдықтау, қолданыстағы 12 аурухананы жаңғырту және жаңа 20 көпбейінді аудандық аурухана ашу жоспарлануда. Биыл 309 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысанын тапсыру көзделген.