Қоғам

Елімізде зейнетақы мен жәрдемақы өсті

Биыл елімізде айлық есептік көрсеткіш көлемі 8,5 пайызға артып, 3450 теңгені құрады. Сәйкесінше, күнкөріс деңгейі, зейнетақы мен жәрдемақылар біршама көтерілді. Қазіргі уақытта өңірімізде 101 мыңдай зейнеткер бар. Бұл жандардың ынтымақты зейнетақысы 10,5 пайызға жоғарылады.

ГҮЛБАХЫТ МАНАБАЕВА, Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:
–  2023 жылғы қаңтардан базалық зейнетақының мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің жыл сайынғы ұлғаюын ескере отырып, сондай-ақ мемлекет басшысының ең төменгі күнкөріс деңгейін 54 пайыздан 60 пайызға дейін ұлғайту тапсырмасына сәйкес артты.

Бюджеттен берілетін зейнетақы төлемдерінің ең төменгі мөлшері 68,2 мың теңгеден 77,4 мың теңгеге дейін өсті. Ең төменгі күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты мүгедектік және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша төленетін жәрдемақылардың мөлшері де артты. Мәселен, 1-топ мүгедектері былтыр 71 787 теңге алса, биыл қолдарына 78 мың теңгеге жуық ақша тиеді. Тілдесу барысында Гүлбахыт Манабаева басқа да жәрдемақы түрлеріне тоқталды.

ГҮЛБАХЫТ МАНАБАЕВА, Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:
–  Мысалы, жұмыс істейтін немесе істемейтін әйелдер бала тууға байланысты бірінші, екінші және үшінші балаға 38 АЕК немесе 131 100 теңге алады. Ал төртінші немесе одан да көп балаға 63 АЕК немесе 217 350 теңге алады. Бұдан бөлек, республикалық бюджеттен жұмыс істемейтін ата-аналарға бала күтімі бойынша жәрдемақы тағайындалады. Оның мөлшері АЕК өсуін ескере отырып, биылдан бастап 8,5 пайызға өсті.

Биыл бала күтімі бойынша төлем мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұлғайтылды. Көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақы мөлшері де артты. Енді 4 баласы бар отбасылар ай сайын 55 мың, ал 5 баласы барлар 69 мың алады. Тиісті төлемдер үшін ешқайда барып өтініш жазудың қажеті жоқ. Қазір өңірімізде “Отбасының цифрлық картасы” жобасы жұмыс істеп тұр.

ГҮЛБАХЫТ МАНАБАЕВА, Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:

– Биылғы жылы отбасының цифрлық картасы бойынша әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік қызметтердің тізімін кеңейту қарастырылған. Біздің облыс бойынша 4 ай ішінде цифрлық карта арқылы 400-ден астам адам мемлекеттік қызмет алды.

Жаңа жылдағы өзгерістер 4,4 млн зейнетақы мен жәрдемақы алушыға әсер етеді. Осы мақсаттарға биыл республикалық бюджеттен 4,6 трлн теңге қарастырылған. Біздің облыс бойынша оң өзгерістерді 141 мың жерлесіміз сезінеді.