Аптадағы маңызды жаңалықтар

Әлихан Смайылов жылдың алғашқы отырысын өткізді

 

Министрліктер мен әкімдіктердің дербестігін арттыру, экономиканың өсуі және инфляцияның төмендеуі. Бұл мәселелер Премьер-министр Әлихан Смайылов өткізген жаңа жылдың алғашқы отырысында талқыланды. Министрлер кабинетінің жетекшісі өкілеттіктерді мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы орталықсыздандыру туралы заң жобасы Президент Әкімшілігіне келісуге енгізілгенін еске салды. Үкіметтің жарты мыңнан астам функциялары министрліктер мен әкімдіктерге беріледі. Әлихан Смайылов бұл заң жобасы министрлер мен орынбасарларының дербестігін күшейтетінін атап өтті. Күн тәртібіндегі екінші мәселеге тоқталған Премьер-Министр Президенттің Жарлығымен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экология және табиғи ресурстар министрлігі болып қайта ұйымдастырылғанын айтты. Жер қойнауын геологиялық зерделеу және минералдық-шикізат базасын молықтыру саласындағы функциялар мен өкілеттіктер Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне берілді. Кеңесті қорытындылай келе, Әлихан Смайылов Үкімет алдында экономиканың нақты мәнде 4%-ға өсуін қамтамасыз ету, инфляцияны 2 есеге 9,5%-ға дейін төмендету және 2023 жылы 24,4 млрд доллар көлемінде тікелей шетелдік инвестициялар тарту секілді маңызды міндеттер тұрғанын атап өтті.

 ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ, ҚР Премьер-Министрі:
«Біздің басты мақсатымыз – елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының өсуін қамтамасыз ету, халықтың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын одан әрі арттыру. Сіздерден тиімді жұмыс және шешім қабылдауда үлкен жауапкершілік талап етіледі.»