Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі қаладағы құрылыс жұмыстарымен танысты

 

Аймақ басшысы Айдарбек Сапаров Петропавлдағы құрылыс алаңдарында болды. “Жас өркен” ықшам ауданында 2021-ші жылдың 2-ші қарашасынан бері емхана салынып жатыр. Нысанның қабырғасы қаланып бітуге жақын. Қазір бір топ маман жоғарыда күннің суығына қарамастан бел жазбай тер төгуде. Шаруамен өңір жетекшісі танысты. Жоспар бойынша емдеу мекемесі ағымдағы жылдың шілдесінде тапсырылуы тиіс болатын. Алайда, таспасы қиылған жоқ. Мұны облыс әкімі сынға алды.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Біз биыл бірнеше үйді тапсыра алмай отырмыз. Тапсырғанда жоспар 100 пайыз орындалар еді. Мына емхананы енді қыркүйек айында ашамыз деп отырсыздар. Кешігу болмасын. Сәтжан Әйтенұлы, Руслан Әкімжанұлы, құрылыс жұмыстарын бақылауда ұстаңыздар.

Бір ауысымда 250 адамды қабылдайтын нысанға медициналық қондырғылар сатып алыныпты. Енді оны көздің қарашығындай сақтау қажет. Құрал-жабдықтар арзан тұрмайды. Оларға миллиондар жұмсалғанын ұмытпау қажет.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Денсаулық сақтау саласының өкілдері осы жерде ме? Сақтауда тұрған қондырғыларды бақылап отырыңыздар. Оларды сатып алу үшін 1 млрд теңгеге жуық ақша жұмсалды. Құрал-жабдық жарамсыз болып қалмасын.

Соңғы бірнеше жылда түрлене түскен “Жас өркен” ықшам ауданы мына панельді үйлердің тапсырылуымен одан әрі құлпыра түспек. Бұл – ерекше баспаналар. Олар кәдімгі конструктор сияқты жиналады. Алғашқысы келесі жылдың бірінші жартысында тапсырылмақ.

Бюджеттік үйдегі 202 пәтердің кілті “Отбасы банкі” арқылы үлестіріледі. Құрылыс жұмыстарынан кейін кейбір компаниялар аумақтың тазалығына қол сілтей салатыны жасырын емес. Айдарбек Сапаров енді мұндайға жол берілмеуі қажеттігін баса айтты.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
–  Руслан Әкімжанұлы, компаниялардан неге бұлай екенін сұрау керек. Жұмыс аяқталғаннан кейін барлығын түзеп, тазалау керек қой. Мынаның барлығы жайрап жатыр. Бір ықшам ауданды бастағаннан кейін соны бітіріп алуды ойлау керек.

Сөз соңында облыс әкімі шаһар басшысы мен салаға жауапты өзінің орынбасарына келесі жылы құрылыс алаңдарында кестеден қалу жайты тіркелмеуін тапсырды. Жоспар орындалуы қажет, халық көптен күткен баспаналарына қол жеткізуі керек.