Құқық қорғау органдары

Мерекені жұмыста қарсы алатын мамандар

 

АЛДИЯР АЙТПАЕВ, тілші:
– Облыстық полиция департаментіне қарасты жедел басқару орталығы. Мерекелік кеште бұл жерде жұмыс қызбақ. Мамандар қаламен қатар, аудандардағы тыныштықты қамтамасыз етулері қажет. Жұмыс жауапты. Қазір сала өкілдерімен тілдесетін боламыз.

Орталық жұмысы қашан да болсын қызу. Бірақ, мереке күндері мұндағы қарбалас арта түседі. Себебі, ағайын Жаңа жылда сауық құрады. Онымен қоса облыс орталығында түрлі мерекелік шаралар өткізіледі. Ал тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігін тәртіп сақшылары күзетеді. Бұл істе мамандарға мекеме ішіндегі мына бір камералар көп көмегін тигізеді. Жаңа жылдық кеште бұл құрылғылар арқылы Рустам Жақыпов қала мен аудандардағы жағдайды бақылайды. Полицейдің 21 жылдық жұмыс өтілі бар. Осы уақыт аралығында жедел кезекші Жаңа жылды 2 рет жұмыс орнында қарсы алыпты. Яғни, бұл жолғы кезекшілік 3-шісі екен.

РУСТАМ ЖАҚЫПОВ, СҚО ПД штабының жедел кезекшісі:
–  Бұған дейінгі екі кезекшілігім тыныш өтті. Жаңажылдық кеште әріптестерімізбен кішігірім дастархан жаямыз. Президенттің құттықтауын тыңдап, қайта жұмысқа кірісеміз. Жақындарым, отбасым жұмысыма түсіністікпен қарайды. Олармен мерекені кезекшіліктен шыққаннан кейін атап өтеміз.

Мерекелік кеште Рустам Өтетілеуов те жұмыс істейді. Өз ісіне құрметпен қарайтын жан жұмысының осындай тұстарына да сабырлылық танытады. “Өз таңдауым, ешқандай өкініш жоқ,” – дейді азамат.

РУСТАМ ӨТЕТІЛЕУОВ, қалалық ПБ ППБ инспекторы:
–  жылдың ішінде бұдан да басқа күндер болды. Жаңажылдық кеште жұмыста болдым. Жағдайлар әртүрлі болады. Жұмысымыз қатты қиын деп айтпаймын. Бәріне де үйрендік. Жұмыстың жауапкершілігін жақсы түсінеміз.

Жалпы, бұл күні полицейлермен қатар жедел жәрдем қызметкерлері мен құтқарушылар да өз жұмыс орындарында кезекшілік атқарады.