БалаларМәдениет

Қуыршақ театрындағы мерекелік іс-шара

 

 

Облыстық қуыршақ театрында таңғажайып мерекеге орай ертеңгілік ұйымдастырылды. Іс-шара әдеттегідей «Кішкентай Диананың Жаңа жылдық шытырман оқиғалары» спектаклімен басталды. Қойылым сүйкімді қыздың түсі жайлы. Ол түсінде тылсым жайттарға тап болады.

Спектакль аяқталған соң балғындар әсем шырша маңына жиналды. Балаларды Жаңа жыл кейіпкерлері қарсы алды. Арасында Сантаның Пошташы аққаласы да бар. Ол қуыршақ театрына айшылық алыс жерден арнайы миссиямен келіпті.

Міне, ортаға Аяз ата мен Ақшақар да шықты. Олар өздерімен бірге кетер және келер жылдың нышандарын, яғни Барыс пен Қоянды ала келіпті. Жаңа жылдың басты кейіпкерлері ұл-қыздармен ойнап, би биледі, ән шырқады.

Жаңа жылдық ертеңгілік балалардың көңілінен шықты. Мұны олардың жарқын жүздерінен-ақ байқауға болады.

– Маған Ақшақар қатты ұнады. Ол өте мейірімді әрі көңілді. Біз отбасымызбен Жаңа жылды әжеміздің үйінде қарсы аламыз.
– Маған шырша да, Аяз ата мен Ақшақар да ұнады. Ертеңгілік өте көңілді, қызықты өтті. Биыл Аяз атадан фломастер сұрадым. Сурет салғанды жақсы көремін.

Жаңа жылдық безендірулер, қуыршақтар мен арнайы тігілген костюмдер мереге ерекше сән беретіні анық. Олардың бәрі осы театр қабырғасында тігіледі.

ТАТЬЯНА КОНДРАШОВА, облыстық қуыршақ театрының суретші-декораторы:
–  Прежде, чем делать спектакль режиссёр и художник предоставляют нам эскизы, технические чертежи. И мы по ним работаем, создаём куклы.

Қуыршақтар әртүрлі материалдан жасалады. Он саусағынан бал тамған шеберлер қойылымға, кейіпкерге қарап, туындының мінезіне дейін суреттейді.

ЮЛИЯ ВЫСОТИНА, облыстық қуыршақ театрының актрисасы:
–  Біз синтетикалық материалдардан жасалған қуыршақтармен алғаш рет жұмыс істеп жатырмыз. Олар өте жұмсақ келеді. Бастапқы кезеңде олармен сахнада өнер көрсету қиындық тудырды. Қазір үйреніп қалдық. Жақында жаңа маусымға дайындығымызды бастадық.

Қазір театр труппасы премьера дайындап жатыр. Ол қаңтар айында сахналанбақ.