Қоғам

2023 – тұрақтылық жылы

 

Дана Сәлімқызы, тілші
Берекесі мен сынағын қоса ала келген Барыс жылының аяқталуына санаулы сәттер қалды. Келесі болып Ақ қоян жылы төрімізге енеді. Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп демекші, алдағы 12 ай қандай болмақ? Мұны білу үшін біз жергілікті нумерологпен тілдестік. Маман келер жылға қандай болжам жасап отыр? Оны қазір білесіздер.

Барыс жылы тарих қойнауына кетіп, шығыс күнтізбесі бойынша ақ қоян жылы да есік қаққалы тұр. Осы ретте сандардың сиқырына кезек беріп, нумеролог маманның болжамын білейік. Маржан Тәжімұратова келер жыл 7 санына тиесілі дейді. Нумерологияда ғана емес, қазақ халқында да «жеті» киелі сан болып саналады.

Маржан Тәжімұратова, нумеролог
–  2023 жыл 7 санына тиесілі. Бұл сан – адамның ішкі дүниесін ашатын сан. Адам оны қаласа да, қаламаса да өзін іштей танып біледі. Сондай-ақ, 7 – жаңа бастамалардың саны.

Нумерологтың сөзінше, келер жылы алдына арман-мақсат қойып, шыдамдылық пен сабырлық танытқан жандардың жолы болмақ. Әсіресе, жаңадан бизнес ашамын дейтін азаматтардың асығы алшысынан түседі.

 Маржан Тәжімұратова, нумеролог
– Жаңадан бизнес дегеніміз – жаңа идея. Әлемде, өңірде жоқ бір жаңашылдық қажет. Айта кетейін, келер жыл – технология жылы. 7 саны технологтарды жақсы көреді. Сол себепті, технология жағынан жаңа идея пайда болып жатса, міндетті түрде қолға алып, жүзеге асыру қажет.

2023 жыл шаңырақ көтеруді жоспарлаған жандар үшін қолайлы болмақ. Маманның сөзінше, қоян жылы отбасын құрған жұптар берік шаңырақтың негізін қалайды. Сондай-ақ, келер жылы көп сәби дүниеге келеді деп болжануда.

Маржан Тәжімұратова, нумеролог
– 7 санымен айтатын болсақ, 2023 жылы туылатын балалар мінезді, қылықты болады. Бұл жылы дүниеге келетін жандар өмірге не үшін келгендерін, не үшін өмір сүріп жатқанын жақсы білетін болады. Жаңа туған сәбилер тез сөйлеп, тез жүріп кетеді.

Әңгіме барысында Маржан Тәжімұратова әлем бойынша да ойымен бөлісті. Нумеролог сандарға сүйене отырып “2023 – тұрақтылық жылы” деген тұжырымға келген.

Маржан Тәжімұратова, нумеролог
 – 2023 жылдан бастап бірқалыпты баланс уақыты басталмақ. Келер жыл – сол баланстың бастамасы. Баланс дегеніміз, әлемде тұрақты, бірқалыпты өмір жақындап келе жатыр.

Келер жылға нумеролог маманның болжамы осындай. Ал петропавлдықтар 2023 жылдан не күтеді?

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтатын болсақ, келер ақ қоян жылы әр адамның өміріне түрлі оң өзгеріс әкелетіні анық. Ең бастысы, 2023 әр жанұяға зор денсаулық пен бақ-береке әкелсін.