Спорт

Жаһандық жарыста жоғары өнер көрсеткен жігерлі жігіттер

 

 

Жаһандық жарыста жоғары өнер көрсеткен жігерлі жігіттер өңірге оралды. Әңгіме параспортшылар жайлы. Желтоқсан айының ортасынан Финляндия елінде парабиатлон және шаңғы жарысынан Әлем кубогының 1-ші кезеңі өткен болатын. Байрақты бәсекеде солтүстікқазақстандықтар қанжығаны алтынмен аптап, күміспен қаптап, қоламен толтырып қойды. Александр Герлиц бұл додада 4 рет жарыс жолына шығыпты. Нәтижесінде спортшыға қос қола бұйырған.

АЛЕКСАНДР ГЕРЛИЦ, парабиатлоннан Әлем кубогының жүлдегері:
– Әлем кубогындағы бірінші жарыс жолым шаңғы жарысынан басталды. Іріктеуден сүрінбей өттім. Бірақ, финалда жолым болмай, жарысты 4-ші орынмен аяқтадым. Кейіннен 3 рет биатлоннан сынға түстім. Оның біреуінде германиялық спортшы қызбен жұп ретінде өнер көрсеттік. Қола бұйырды. Жекелей жарыста да 3-ші орынға тұрақтадым. 

Ал Ербол Хамитов бұл жарыста алтын, күміс, қола медальді де тағынды.
Жерлесіміздің бұл нәтижесі ел параспорты тарихына енген екен. Айта кетейік, Әлем кубогында үздіктер қатарынан Сергей Усольцев те көрінді. Солтүстікқазақстандық саңлақ қоланы қанағат тұтыпты. Спортшылар мұнымен тоқтамайды. Алда оларды тағы бірнеше маңызды дода күтіп тұр.

АНТОН ЖДАНОВИЧ, парабиатлон және парашаңғы жарысынан ҚР аға жаттықтырушысы:
–  Жалпы есептегі Әлем кубогының жүлдесіне таласуға мүмкіндіктеріміз баршылық. Жүлдеге Ербол Хамитов пен Александр Герлиц ілінуі бек мүмкін. Қазіргі таңда біз Әлем чемпионатына дайындық үстіндеміз. Байрақты бәсеке Швеция елінде қайңтардың 20-сы басталады. 

Ел мерейін асырып жүрген жерлестеріміз 10 күн бойын өңірде жаттығу жасайды. Кейіннен Әлем чемпионатының жүлдесі жолындағы жорыққа түседі.