Мәдениет

Мәдениет пен спорт саласындағы жетістіктер

 

Аққайыңдар өлкесінде 600-ден астам мәдениет нысаны бар. Соңғы 3 жылда бұл саланы дамытуға 25 млрд теңге бөлінді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2020 жылдан бастап мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысы кезең-кезеңімен артуда. 2025 жылға қарай олардың жалақысы 2 есеге дейін өспек. Сонымен қатар, жергілікті бюджет есебінен облыстық театрлар мен филармонияның әртістері кәсіби шеберлігі үшін үстемеақы алады. Бұл жайында облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек баян етті.

ДӘУРЕН ЖАНДАРБЕК, СҚО әкімінің орынбасары:
– Жасыратыны жоқ, бүгінде көптеген салаларда кадр тапшылығы бар әсіресе мәдениет саласында. Осы орайда облыс әкімінің қолдауымен ЖОО-ларға шығармашылық мамандықтарға гранттар бөлінбек. Біздің өңірде 100-ге жуық білікті маман дайындау жоспарлануда.

Биыл С.Мұқанов атындағы жаңа қазақ сазды-драма театрының таспасы қиылды. Айта кетейік, тәуелсіздік жылдары елімізде барлығы 9 театр бой көтерген. Көздің жауын алатын мәдениет ошағының бірі Петропавлда салынды. Сондай-ақ, шаһарда «Ислам мәдениеті музейі» ашылмақ. Мұндай нысандардың ашылуы мәдениеті мол, тарихы терең өңірдің туризмін дамытуға жаңа серпін береді деді Дәурен Жандарбек.
Сондай-ақ, биыл өңірде маңызды 3 көркем фильм түсірілді. Бұл да аймақтың мәдени тұрғыда дамып келе жатқандығының айқын көрінісі. Биыл жергілікті әртістер де өнерлерімен көзге түсіп, жоғары наградаларға ие болды.

ДӘУРЕН ЖАНДАРБЕК, СҚО әкімінің орынбасары:
 – “Sensitive” би ансамблі 25-ші мерейтойлық әлемдік орындаушылық өнер түрлері чемпионатында Гран-при жеңіп алды. “Әдем-ау” би ансамблі Түркияның Изник қаласында өткен IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының салтанатты рәсіміне қатысып, көк туымызды желбіретті. Облыстық филармония әртістері Руслан Мұстафин мен Таушевтар жанұясы Түркияның Алания қаласында өткен “Global Art Competition” фестивалінің 2-ші Халықаралық байқауының Гран-при иегерлері және лауреаттары атанды.

Спорт саласына да тоқтала кетейік. Бүгінде облыста 200 мыңнан астам адам спортпен шұғылданады. Бұл – өңір халқының 40%-ы. Ағымдағы жылы аудандық және қалалық мектептерде спорт түрлері бойынша 17 тегін секция ашылды. 230 мың адамды қамтитын 1200 спорттық-бұқаралық іс-шара өткізілді.

ДӘУРЕН ЖАНДАРБЕК, СҚО әкімінің орынбасары:
– Өңірде бұқаралық және балалар спортына ерекше көңіл бөлінуде. Өткен жылдан бері мемлекеттік спорттық тапсырыс жобасы іске асырылуда. 19 спорт түрі бойынша 3 мыңнан астам бала қамтылды.


Биыл Тимирязев пен Аққайың аудандарында 2 бірдей дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Облыста тағы осындай 4 нысан салынып жатыр.