Білім

2023 жылы Петропавлда 12 мектеп жөнделеді

 

 

Қазіргі уақытта Петропавлда 36 мектеп бар. Желтоқсан бойы қалалық білім бөлімінің мамандары нысандардың жартысына барып, тексеріс жүргізді. Тексеріс дегенде мұғалімдермен кездесіп, шешілуі тиіс мәселелерді талқылаған. Арнайы құрылған топ ұстаздармен өзара тәжірибе де алмасты. Мектептің сайты, “Kundelik.kz” порталы да назардан тыс қалған жоқ. Ондағы бағалардың заңға сәйкес қойылуы ескерілді. Бүгін топ өкілдері Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясына келіп отыр.

БҰЛБҰЛ АХМАДИҚЫЗЫ, қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары:
– Мектептің материалдық жағдайы қандай? Оқушыларға, ата-аналарға қандай жағдай жасалған? Соның бәрін қараймыз. Сол жерде шешілетін мәселе болсып жатса, дереу шешуге тырысамыз. Бұл – әр жыл сайын жүргізілетін жұмыс. Мен 25-ші мектепте болдым. Айтарлықтай олқылықтар жоқ. Заң жағынан көмектер керек болады. Мемлекеттік қызметтік көрсетілуін қадағалап отырдық.

Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясында да барлығы ойдағыдай. 2007 жылы бой көтерген нысан әзірге күрделі жөндеуді талап етпейді. Мұнда жыл сайын ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп тұрады. Яғни, ақтау, бояу сынды ұсақ-түйек шаруа атқарылып отырады.

МАРЖАН СЕРАЛИНА, Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясы директорының міндетін атқарушы:
– Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясында 1025 бала білім алуда. Даярлық сыныптарында 67 тәрбиеленуші бар. Мұғалімдердің жалпы саны – 101.Бүгінгі таңда 192 балаға ыстық тамақ тегін беріледі.

Келесі жылы қаладағы 12 мектеп күрделі жөндеуден өтеді. Бұл мақсатқа 574 млн теңге қарастырылған.