Қоғам

2023 жылы қандай өзгерістер орын алмақ?

 

 

Алдағы жылы қазақстандықтарды қандай өзгерістер күтуде? Бұл көпті толғандырған сұрақ екені анық. Жақын арада ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев “2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы” заңға қол қойды. Құжат аясында қаңтардың бірінен бастап жалақы мен жәрдемақы мөлшері, ең төменгі зейнетақы, күнкөріс шегі, АЕК мөлшері өзгермек. Бала күтімі бойынша төлемдерді тағайындау кезеңінің ұзақтығы 1,5 жасқа дейін ұлғайтылады.

ГҮЛБАҚЫТ МАНАБАЕВА, Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:
–  2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 2027 жылға дейін ең төменгі базалық зейнетақы мөлшерін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ынан 70%-ына дейін, ең жоғарғысын тиісінше 100%-дан 120%-ға дейін кезең-кезеңімен жеткізу. Осы кезеңде базалық зейнетақы мөлшері орта есеппен 51%-ға дейін артатын болады. Бұл ретте базалық зейнетақының орташа мөлшерінің жыл сайынғы өсуі шамамен 13%-ды құрап, барлық 2 млн зейнеткерді қамтиды.

Сонымен қатар, ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін ең жоғары табыс көлемі зейнеткер атанғандар үшін 46 -дан 55 АЕК-ке дейін өседі. Енді Қазақстандағы қыз-жігіттердің саны да артпақ. Өйткені, жастардың жасын 29-дан 35 жасқа дейін ұлғайтуға бағытталған түзету енгізілді. Білім саласында оң өзгерістер орын алғалы тұр. Мемлекет басшысы қыркүйектегі Жолдауында 25-жылға дейін 800 мың орындық мектеп салынатынын айтты.

СӘТЖАН АБЛАЛИЕВ, СҚО әкімінің орынбасары:
–  Тайынша ауданында 600 және 120 орындық 2 мектептің құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Береке шағын ауданында 50 орындық интернаты бар, 300 орындық түзету мектебінің құрылысы басталды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында «Қопай», «Жас Өркен», «Береке» аудандарында 4 мектептің құрылысы жоспарлануда.

Кәсіпкерлер үшін де жағымды жаңалық бар. Президент бизнесті тексеруге мораторий мерзімін ұзарту туралы жарлыққа қол қойған болатын. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін шағын кәсіпкерлік субъектілерін, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілерін тексеруді және профилактикалық бақылауды барып жүргізуді тоқтатуды тапсырды.