Денсаулық сақтау

СҚО-да тұмау жұқтырғандардың жартысына жуығы – жүкті әйелдер

 

Өңірде коронавирус өршіп барады. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаевтың айтуынша, тәж вирусын соңғы 2 аптада 49 солтүстікқазақстандық жұқтырған. Бұл алдыңғы қос аптадағы жағдайдан 1,6 есеге көп. Бүгінде 8 науқас стационарда ем қабылдап жатыр. Мамандардың айтуынша, COVID-19-дан қорғану үшін екпе алу қажет.

ӘСЕТ ЖҰМАТАЕВ, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы:
 – КВИ-ға қарсы вакциналау жалғасуда. Бүгінге дейін вакцинацияның толық курсынан 321 мыңнан астам солтүстікқазақстандық өткен. Ал 229 мың тұрғын ревакцинацияланған. Бүгінде 29 мың вакцина дозасы бар. Оның 981-і “QazVac”, 28 мыңнана астамы қытайлық “Sinopharm”.

Брифинг барысында Әсет Жұматаев өңірде эпидемиялық маусым басталғалы жіті респираторлық вирустық инфекция жұқтырғандардың саны артқандығы жайлы да айтты. Яғни, қазан айынан бері 18 мыңға жуық теріскейлік инфекция жұқтырған. Науқастанғандардың 65 пайызы – 14 жасқа дейінгі балалар.

ӘСЕТ ЖҰМАТАЕВ, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы:
 – 2022 жылдың 14 қазанында облыста тұмау ауруын тіркеу басталды. Облыста барлығы 244 В тиіпті тұмаудың зертханалық расталған жағдайы тіркелді. Сондай-ақ, А типті тұмаудың зертханалық расталған 11 жағдайы тіркеліп отыр. Ауырғандардың арасында 49 жүкті әйел бар. 78-і – 14 жасқа дейінгі бала. 

Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде. Қазіргі таңда вирустық инфекциялардың алдын алудың бірден бір жолы вакцинация екені мәлім. Бүгінгі таңда облыста 75 мың солтүстікқазақстандық немесе тұрғындардың 13,7 пайызы тұмауға қарсы екпе алды.