Денсаулық сақтау

Облыстық аурухана 29 маманмен толықты

 

 

28 жастағы Әділхан Қалиев біздің өңірге Ақтөбе қаласынан келген. Қазір облыстық көпбейінді ауруханада анестезиолог-реаниматолог болып еңбек етіп жүр. Мекемеде кадр тапшылығы білінгендіктен, бас директор азаматты осы жаққа шақырған. Дәрігер де көп ойланбай, өмірлік серігі әрі әріптесімен солтүстікте қызмет етуді шешіпті. Ақтөбелік ерлі-зайыпты әзірге пәтер жалдап тұрады.

ӘДІЛХАН ҚАЛИЕВ, облыстық көпбейінді аурухананың анестезиолог-реаниматологы:
–  Аурухана әкімшілігі пәтер ақысының бір бөлігін төлейді. Осында «Дәрігер үйі» бар екенін естідік. Қазір бұл мәселе қарастырылып жатқанын айтты. Қажетті құжаттар дайын. Рұқсат берілсе, үйді қарап, сонда көшеміз. Облыс және аурухана тарапынан көтермеақы да берілді. Барлығы көңілімізден шығуда. Енді тек тұрғындардың денсаулығын қалпына келтіру үшін еңбек етеміз.

Тиісті қолдау петропавлдық Олжас Мұратқа да көрсетілген. Дәрігердің еңбек өтілі – 4 жыл. Биыл Қарағанды медицина университетінде резидентураны аяқтағаннан кейін көпбейінді облыстық ауруханаға жұмысқа тұрыпты. Ақ халатты күніне 40-қа жуық пациентті қабылдайды: диагностикалық ем тағайындап, қажет болғанда ота да жасайды.

ОЛЖАС МҰРАТ, облыстық көпбейінді аурухананың дәрігер-оториноларингологы:
–  Мен оториноларинголог болып жұмыс істеймін. Біз барлық тұрғындарға жоспарлы және жедел түрде көмек көрсетеміз. Бізге мұрын қойнауларының, тамақтың іріңді қабынулары бойынша науқастар келеді. Әкімнің грантында оқыдым. Қазір грантты ақтап жатырмын.

Жалпы, биыл облыстық аурухана 29 маманмен толыққан. Оның 17-сі – еліміздің түрлі жоғары оқу орнын аяқтап келген жастар.

ДИНА ӘШІМОВА, облыстық көпбейінді аурухана бас директорының орынбасары:
– Келген дәрігерлердің түгеліне дерлік аурухана атынан көтермеақы берілді. Бұл мақсатқа 40 млн теңгеден астам қаржы жұмсалды. Бұдан бөлек, облыстық әкімдікке де өтініш тасталды. Әр маманға 1,5 млн теңге төленетін болады.

Алайда, кадр тапшылығы мәселесі әлі де өзекті. Емдеу мекемесіне кардиолог, анестезиолог, гастроэнтеролог сынды мамандар қажет.