Балалар

Қайырымдылық шыршасы

 

 

Облыс орталығында аз қамтылған отбасылардың балаларына және ерекше қажеттіліктері бар ұл-қыздарға арналып қайырымдылық шыршасы ұйымдастырылды. Шара барысында 120 жеткіншек жаңажылдық мерекенің куәсі болып, сахналық қойылым тамашалады.

Қойылымнан кейін балақайлар дәлізге шығып, шыршаны айнала ән салды. Ертегі әлемінің түрлі кейіпкерлері болып киінген әртістер бүлдіршіндермен бірге ойын ойнап, көңілдерін көтерді. Қиял-ғажайыпқа толы мерекеде балалар Аяз атаны асыға күтетіні рас. Сөйтіп, кішкетай ұл-қыздар ортаға мерекенің басты кейіпкерін шақырып, шыршаны жақты.

Қайырымдылық шыршаны облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері ұйымдастырған.

 Алла Кувшинова, СҚО ҚХА жанындағы қайырымдылық клубының төрағасы
 – Біз апта бойы аз қамтылған отбасылардың балаларына және ерекше қажеттіліктері бар ұл-қыздарға арнап мерекелік іс-шара ұйымдастырудамыз. Әр бүлдіршін Жаңа жылды асыға күтеді. Сондықтан, ұл-қыздарға мерекелік көңіл-күй сыйлау үшін біз түрлі қойылымдар қойып, ойындар ойнатудамыз. Бүгінгі қайырымдылық шыршасына 120 балақай қатысуда.

Балалардың шаттыққа толы жүздерінен мерекелік кеш көңілдерінен шыққанын байқауға болады.

–  Мен Жаңа жылды асыға күтудемін. Бүгінгі шырша маған қатты ұнады. Жаңа жыл мерекесі құтты болсын.
–  Маған бәрі ұнады. Ойындар да қызықты болды.

Мерекелік іс-шара соңында балаларға тәтті сыйлықтар табысталды.