СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтар

“Қарасай” стадионын жөндеу жұмыстары басталды

 

Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев бой көрсетті. Ол құрылыс және инфрақұрылым саласындағы жобаларды іске асыру жайлы баяндады. Соңғы жылдары Петропавлдың құлпыра түскені бәріне мәлім. 3 ғасырға жуық тарихы бар шаһардың көркін қазір алыстан көз тартар ғимараттар келтіріп тұр. Бүгінде мұндай оң өзгерістердің аудандарда да орын алып жатқаны қуантады.


СӘТЖАН АБЛАЛИЕВ, СҚО әкімінің орынбасары:

–  Құрылыс жұмыстарының көлемі шамамен 40 пайызға өсті. 1,3 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. 40 мыңға жуық азамат жаңа тұрғын үй алды.

Қазір Петропавлда ондаған көпқабатты үй салынып жатыр. Олар бюджетпен қатар, жеке инвестиция есебінен де тұрғызылуда. Әлеуметтік маңызы бар нысандар да назардан тыс қалмайды. Тамырына қан жүгірген аудандарға мектеп ауадай қажет. Осыны жақсы білетін билік өкілдері бірнеше жоба әзірлеп қойыпты.

СӘТЖАН АБЛАЛИЕВ, СҚО әкімінің орынбасары:
-2023 жылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында «Қопай», «Жас өркен», «Орман» және «Береке» шағын аудандарында 6 мыңнан астам бала оқи алатын жаңа 4 мектептің құрылысы жоспарлануда.

Халықты орталықтандырылған сумен қамту – Президенттің тапсырмасы. Бұл тапсырма аясында жергілікті билік өкілдері бел жазбай жұмыс істеуде. Бірақ, көрсеткіш әлі 100 пайыз емес. Іске қарқын қосу қажет.

СӘТЖАН АБЛАЛИЕВ, СҚО әкімінің орынбасары:
– Халық саны 43,9 мың адам немесе 14,4 пайыз болатын 220 ауыл қамтамасыз етілмеген күйінде қалып отыр.

Жоспар бар. Алдағы уақытта тіршілік көзі 220 елді мекен халқының үйлеріне де жетеді. Брифинг барысында Сәтжан Аблалиев жол жөндеу жайлы да баяндады. Биыл 52 ауылдың жалпы ұзындығы 48 шақырым болатын көшелері қалыпқа келтіріліпті. Баяндама аяқталғасын кезек-сұрақ жауапқа келді. Сауалдардың бірі Сергеевка мен Николаевка арасындағы республикалық маңыздағы жолды жөндеуге және кеңейтуге қатысты болды.

СӘТЖАН АБЛАЛИЕВ, СҚО әкімінің орынбасары:
– Республикадан қаржы бөлінбеуіне байланысты орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Былтыр бір учаскесінде жұмыстар аяқталды. Биыл жұмыс жалғасады.

Жүздесуде жергілікті футбол жанкүйерлерінің сұрағын қойдық. Бүгінде «Қызылжар» клубының жанкүйерлері “Қарасай” стадионының жөнделгенін асыға күтіп отыр.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Жаңа сіз “Қарасай” стадионы жайлы айттыңыз. Жөндеу жұмыстары келесі жылы бастала ма?

СӘТЖАН АБЛАЛИЕВ, СҚО әкімінің орынбасары:
– Иә, биыл басталады деп айттық. Жұмыстар басталды. Мердігер компаниямен келісімшартқа қол қойылды. Енді қажетті жабдықтар сатып алынатын болады. Ал негізгі жұмыстар күн жылынған соң басталады.

Демек, жергілікті футболсүйер қауымның арманы орындалады. “Қарасай” стадионы жөндеу жұмыстарынан кейін УЕФА талаптарына жауап бермек.