Мәдениет

Ерекше көрме

 

 

 

Жаңажылдық естелік. Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында ерекше көрме қанат жайды. Мұнда өткен ғасырда қолданыста болған жаңажылдық ойыншықтар қойылған. Творчестволық идеяның авторы – театрдың актрисасы Марина Залевская.

 

МАРИНА ЗАЛЕВСКАЯ, көрме авторы:
–  Бірнеше жыл бұрын кішкентай кезімнен келе жатқан ойыншықтар жанып кетті. Содан кейін балалық шағымның куәсіне деген сағыныш туындады. Сағынышымды басу үшін әрі одан көрме ұйымдастыру мақсатымен жаңажылдық әшекей жинай бастадым. Көп дүниені тұрғындар әкеліп тапсырды. Мақсатым – ойыншықтардың тарихымен таныстырып қана қоймай, ерекше сезім сыйлау, балалық шақты еске түсіру.

Көрме 12 композициядан тұрады. Мың жарым ойыншықты белгілі бір тақырыппен топтастырған тиімді дейді Марина Залевская.
Ауыл шаруашылығы, ғарыш дейсіз бе, ертегі әлемі, Жаңа жыл кейіпкерлері, тіпті, Аяз атаның да түр-түрі бар. Алып шар, мақтадан жасалған ойыншықтар – әрқайсысы өткен ғасырдың белгілі бір аралығынан сыр шертеді. Ең көнесі – 30-шы жылдары жасалған қуыршақ. Картоннан қиылған ойыншықтың шамамен 90 жыл бойы сақталғаны таң қалдырады. Жаңаның ішінен мына қапшықты байқауға болады. Оған түскен тілек 100 пайызға орындалады дейді көрме авторы.

САМАЛ ЖҮНІСОВА, тілші:
– Мына қапшық – сиқырлы қапшық. Ол арман-тілектерге арналған. Кез келген адам қағазға өз тілегін жазып, осында салуына болады. Армандар орындалады.

Мына шырша «Достық шыршасы» деп аталады. Баяғы бала кезде түні бойы отырып желімдеп қосқан сақиналар көбінің есінде. Сол сақиналарды көрме авторы терең оймен байланыстырып отыр. Бұл көпұлтты еліміздің бірлігінің белгісі дейді. Әр адам сақинаға есімін жазып, ұзын тізбектің қатысушысы бола алады.

МАРИНА ЗАЛЕВСКАЯ, көрме авторы:
–  Көрмеге адамдар қуана келеді. Жақсы пікір қалдырады, алғыстарын айтып жатады. Әлі де ойыншық жинаудамын. Сондықтан, үйдің бір бұрышында жатқан ойыншықтарыңыз болса, әкелулеріңізге болады. Келесі жылы бұдан ауқымдырақ көрме құру жоспарда бар.

Көздің жауын алар коллекцияны қаңтардың 6-сына дейін тамашалауға болады.