БалаларМәдениет

Жаңажылдық шырша шаттығы

 


Оқушылар сарайында қаладағы кішкентай балғындарға арналған жаңажылдық кеш ұйымдастырылды. Шаттыққа толы іс-шара ерекше қажеттілігі бар балаларға арналды. Қатысушыларды Петропавл қаласының әкімі Руслан Аңбаев мерекемен құттықтады.

РУСЛАН АҢБАЕВ, Петропавл қаласының әкімі:
–  Бүгін сіздер үшін ерекше күн. Сіздерді келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Зор денсаулық, бақыт тілеймін.

Игі шарада көпке танымал актриса Самал Еслямова да қашықтықтан жылы лебізін білдірді.

САМАЛ ЕСЛЯМОВА, актриса:
– Сендерге тек қана жақсылық тілеймін. Бақытты болыңдар! Дендерің сау болсын! Ата-аналарыңды қуантыңдар. Келе жатқан Жаңа жыл құтты болсын!

Көп кешікпей Аяз ата мен Ақшақар да келді. Олар шырша жағып, балалармен қосыла ән шырқады.

Кейін Аяз ата Жаңа жыл кейіпкерін ортаға шақырды. Ол өзімен бірге мысық, қоян сынды достарын ертіп әкелген екен. Ертегі кейіпкерлері балғындармен танысып, би биледі.

Мерекелік концерт балалардың көңілінен шықты. Мұны олардың жарқын жүздерінен байқауға болады. Меңсұлу Занкирова 2 баласының көңіл көтергеніне дән риза. Кішісі сырқат. Уақытынан бұрын дүниеге келген сәбиге дәрігерлер церебралды сал аруы диагнозын қойған.

МЕҢСҰЛУ ЗАНКИРОВА, қала тұрғыны:
– Осындай шараға қуанып, келіп отырмыз. Балам бәріне қызығып қарап отыр. Бұл шараны ұйымдастырған адамдарға алғыс айтамын. Бізді шақырғандарына рахмет.

Мария Емельянованың баласы аутизм дертіне шалдыққан. “Роман Жаңа жыл мерекесін ерекше жақсы көреді”,- дейді нәзікжанды.

МАРИЯ ЕМЕЛЬЯНОВА, қала тұрғыны:
–  Бүгінгі кейіпкерлер балама тамаша көңіл-күй сыйлауда. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Балам Жаңа жыл мерекесін жақсы көреді. Бүгін ата-аналар да кішкентайларымен бірге балаша қуануда.

Қалалық әкімдіктің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қамқорлығында 85 бала бар. Жаңажылдық шыршаға 35 ерекше балғын қатысты. Қалалық әкімдік атынан ұл-қыздардың барлығына сыйлықтар табыс етіледі.