ТЖ

Пиротехниканы пайдалану тәртібі

 

Бенгал оты, тарсылдақтар, аспанға ататын отшашулар – Жаңа жылдың сәнін келтіретін дүниелер көп. Бірақ, сол сәннің өзін дұрыс іске жарату керек. Пайдалану тәртібі сақталмаса салдары соқпақты болуы мүмкін.
Әуелі тауар заңды түрде сатылуы керек.
Яғни, қолдану мерзімі, құжаты, тағысын тағы. Пиротехникалық затты сатып алғаннан кейін нұсқаулығын оқу керек.

ТЕМІРХАН САҒЫНДЫҚОВ, қалалық ТЖБ қызметкері
– Отшашу сатып алар кезде оның құрамын біліп алу керек. Қауіпсіздік сертификаты болған жөн. Ең басты айтып өтетін жайт, ғимараттың ішінде отшашуға қатаң тыйым салынады. Отшашу орнатылған жерге балаларды жақындатпау қажет.

Көп жағдайда аталған талаптардың ескерілмейтініне рейд барысында көз жеткіздік. Алыстан мамандардың келе жатқанын көзі шалған сатушылар тауарды үстінен жаба салып, ізін суытқан. Иесін қанша күткенмен ешкім келген жоқ.

ӘБІЛҚАЙЫР ҚАЗЖАН, қалалық ПБ учаскелік полиция инспекторы
–  Петропавл қаласының аумағында өрттің алдын алу, сондай-ақ, тұтынушының жарақаттануын болдырмау мақсатында рейд жүргізіп жатырмыз. Сатушы тауарды заңсыз сатқан жағдайда оған бірінші рет ескерту айтылады, құлақ аспаған жағдайда 25 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Рейд барысында мамандар тұрғындарға қауіпсіздік ережелері жазылған жадынамалар таратты.