Қоғам

Биыл қазақстандық 71 бала мемлекет есебінен шетелде емделген

 

 

2022 жылы елімізде балаларға медициналық көмекті қаржыландырудың жалпы сомасы 560 млрд теңгені құрады. Бұл жайлы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында Балалар жылын қорытындылаған денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник мәлім етті. Оның сөзінше, қазіргі таңда стационарлық көмек үшін 204 аудандық, 10 қалалық және 13 облыстық балалар ауруханасының базасында 8130 төсек-орын құрылған. Биыл «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасымен 6,5 мың әйел қамтылған. Нәтижесінде 2654 отбасында көптен күткен 3 мыңнан астам ұл-қыз дүниеге келген. Жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелерге көмекті жетілдіру мақсатында елде халықаралық стандарттарға сәйкес келетін 11 заманауи перинаталдық орталық салу жоспарланған. Брифингіде журналистер спикерлерге бірнеше сұрақ қойды. Олардың бірі науқас балаларды шетелдерде емдету жайлы сұрады.

ОЛЖАС ИСКАКОВ, ҚР ДСМ Ана мен баланың денсаулығын қорғау департаменті директорының орынбасары:
– Егер медициналық технология Қазақстанда көрсетілмейтін болса, баланы шетелге жіберуге мүмкіншілігіміз бар. Биыл 71 баланы 1 млрд теңгеге шетелге емделуге жібердік.