СҚО әкімдігіБалалар

Балалар жылы қорытындыланды

 

 

Балалар жылында балаларға қандай жағдай жасалды? Осы бағытта өңірде нендей жұмыстар атқарылды? Бүгін бұл сұрақтар өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында ортаға тасталды. Жыл бойы атқарылған жұмысты облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов қорытындылады.

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, облыс әкімінің бірінші орынбасары:
– Біздің облыста 139 мыңнан астам бала бар. Биыл білім беру мекемелерінде оларға жайлы жағдай жасау үшін біраз жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, тамақ сапасы арттырылып, оның құнын реттеу және қолма-қол ақша жүйесін жою шаралары өткізілді.

Балалар жылында балаларды қолдауға мемлекет тарапынан 15 млрд теңге бөлінді. Демеушілер де бұл істен шет қалмады. Жомарт жандар осы бағытқа 600 млн теңге көлемінде қаржы бөлген екен. Әлеуметтік осал санаттағы балалар ерекше назарға алынған.

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, облыс әкімінің бірінші орынбасары:
– Бүгінде мемлекеттен 10 мыңнан астам балаға қолдау көрсетілуде. Мемлекеттік тапсырыс бойынша колледждерде 8,5 мың жас тегін білім алуда. Өңірде әлеуметтік осал санаттағы оқушы ұл-қыздар 100% тегін ыстық тамақпен қамтылған. Оқушыларды тегін тамақтандыруда кәсіпкерлер де демеушілік көрсетуде.

Балалар жылы аясында “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы әзірленді. Бұл бағдарлама апаттық жағдайдағы және үш ауысымда білім беретін мектептерді жоюға бағытталған. Осының негізінде облыста 4 жаңа білім беру мекемесі бой көтерді. Тағы екеуінің кірпіші Тайынша ауданында қаланып жатыр. Жоспар бойынша жоба аясында 2025 жылға дейін облыс орталығында 3300 орынға шақталған 4 нысан салынбақ.

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, облыс әкімінің бірінші орынбасары:
– Соңғы 4 жыл ішінде 327 білім беру мекемесі жөндеу көрді. Нәтижесінде облыстағы мектептердің 70%-ы жаңарды. Бұл 40 мыңнан астам оқушыға жайлы және қауіпсіз оқу жағдайында білім алуға мүмкіндік берді. Жалпы, білім беру сапасы жөнінен өңіріміз ел бойынша үздік бестікке енді.

Биыл балалардың спортпен айналысуына да біраз жағдай жасалды.
7 спорт нысаны бой көтеріп, аудандар мен облыс орталығында 10-нан астам балалар алаңқайы ашылды. Нәтижесінде күнделікті 1 мың адам түрлі спортпен шұғылданып жүр. 2022-де жетімдер мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға да ерекше қолдау көрсетілді.
Бұл іс жалғасын табады деді Марат Тасмағанбетов.