Қоғам

Аққайың ауданында сүт өндірісі дамып келеді

 

Аққайың ауданының әкімі де өңірлік коммуникациялар алаңында есеп берді. Рүстем Елубаев баяндамасын ауыл шаруашылығы саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатқандығынан бастады. Қазіргі уақытта ауданда 11 тауарлы-сүт кешені жұмыс істеп тұр. Нәтижесінде, соңғы 4 жылда сүт өндіру көлемінде оң серпін байқалады. Биылғы 1-қарашадағы жағдай бойынша 45 мың тоннадан астам ақ өндірілген. Бұл 19-жылмен салыстырғанда 138%-ға көп.

РҮСТЕМ ЕЛУБАЕВ, Аққайың ауданының әкімі:
– Ағымдағы жылдың қараша айында Аралағаш ауылында “Северный бройлер” ЖШС құс фабрикасын аштық. Жобаның құны – 7,4 млрд теңге, өндірістік қуаты жылына 5 мың тонна құс еті, ең жаңа еуропалық жабдық орнатылды. Трудовое ауылында “Рамазанов” ЖК қаздардың санын 7 мың басқа дейін арттырды. Қазіргі уақытта Ресей Федерациясынан 2 мың бас қаз сатып алынды. Сондай-ақ, ауданда қой шаруашылығын дамыту бағдарламасы жүзеге асырылуда, 1500 бас қой сатып алынды.

Білім саласында да оң өзгерістер бар. Осы жылы Ленин орта мектебінің шатыры ауыстырылған. Полтавка ауылында 300 млн теңгеге 45 орындық балабақша салынды. Енді Смирновода 300 оқушыға арналған жаңа мектеп бой көтермек. Жобалық-сметалық құжаттама дайын. Ауданда су мәселесі де шешіліп келеді. 32 ауылдың 31-і таза тіршілік нәрімен қамтылған.

РҮСТЕМ ЕЛУБАЕВ, Аққайың ауданының әкімі:
– Бүгінгі күні үйлердің 70 пайызы суға қосылған. Баспаналардың ішіне су тартылды. Биыл Смирново ауылында жоба қолға алынды. 2 млрд 3 млн теңге бөлінді. Су құбыры салынып жатыр. Биыл 300 млн теңге игерілді.

Ауылда әдеттегі проблема – жол. Ағымдағы жылы бұл істі біржақты етуге 600 млн теңгеге жуық қаражат бөлінді. Нәтижесінде аудандық маңызы бар Дайындық және Ленин ауылдарының кіреберісі реттелді. 4 елді мекеннің ауылішілік жолдары жөндеу көрді. Тындырылған іс көңіл қуантады. Алға қойған жоспарлар бұдан да ауқымды. 2023-те “Смирновский репродуктор” құс фабрикасы Астраханка ауылында инкубациялық жұмыртқа өндіретін репродуктордың құрылысын бастайды. Инвестиция сомасы – 3,4 млрд теңге. Жер учаскесі бөлінді, шаруаны жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.

РҮСТЕМ ЕЛУБАЕВ, Аққайың ауданының әкімі:
– Сонымен қатар, ағымдағы жылы “Гердт” шаруа қожалығы 400 басқа арналған тауарлы-сүт фермасының құрылысын бастап, 5 жаңа жұмыс орнын құрды. 2023 жылдың ақпан айында пайдалануға беру көзделген. “Гагарино” серіктестігі де осындай шаруаны қолға алды. Іске 2,5 млрд теңге жұмсалған. Қажетті техника сатып алынды. 20 адам жұмыспен қамтылды. Келесі жылы “Полтавское” ЖШС 600 басқа арналған тауарлы-сүт кешенінің құрылысын бастауды жоспарлап отыр.

Аққайың ауданында азық-түлік құнының өсуін тежеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен өнімді төмен бағамен сату бойынша меморандумдар жасалды.