СҚО әкімдігі

Петропавлда Президенттік шырша ұйымдастырылды

 

“Қош келдің, Жаңа жыл – жаңа белес, жаңа арман!”. Облыс орталығында Президенттік шырша ұйымдастырылды. Ғажайыптар мерекесіне облыс орталығы мен аудандардан жиылған 200 ұл-қыз қатысты. Шараға қатысқан облыс әкімі Айдарбек Сапаров кішкентай жерлестерімізді Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
–  Сіздерді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының атынан келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін еліміздің барлық облыстарында дарынды балалар шырша маңайында жиналып, Жаңа жылды қарсы алуда. Жаңа жылда сіздерге тілейтінім аңсаған армандарыңыз орындалсын. Бақытты болыңыздар. Сіздерге тек қана жақсылық тілеймін.

Балаларға Жаңа жылдық ертегі ұсынылды. Арнайы дайындалған қойылымда Алдар көсе, Ақшақар мен Самрұқ құс әділдік пен бейбітшілік жолында Мыстан кемпірмен күресті. Оған шараға қатысып жатқан балалар да көмектесті. Соңында, әрине, жақсылық жамандықты жеңіп, әділеттілік орын алды. Мерекелік кеш ән-шашумен жалғасын тапты. Балалар шырша маңында суретке түсіп, Жаңа жылдық әндерді тыңдады, би де биледі.

–  Маған Президенттік шырша қатты ұнады. Жаңа жылда сіздерге бақыт, денсаулық тілеймін.
–  Концерт қызықты болды. Ертегі де ұнады.

Жиналған балалардың мерекелік киімдері көздің жауын алады. Бірінен бірі өтеді. Медина Үмітсеріктің образы көп ішінде ерекше. Жеткіншек ұлттық валюта үлгісінде киініп келіпті.

МЕДИНА ҮМІТСЕРІК,
–  Бұл образды жасап шығаруға анам көмектесті. Артымда ұлттық банктің белгісі бар. Ал алдымда теңгеде бейнеленген суреттер.
38 Жаңа жылға жақсы көңіл-күймен келдім. Президенттік шыршаға бірінші рет қатысып тұрмын.

Айта кетейік, бұл шараға көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан және оқуда үздік балалар қатысты. Жиын соңында оларға тәтті сыйлықтар мен кітаптар және планшеттер үлестірілді.