Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімінің аудандарға жұмыс сапары аяқталды

 

 

 

Ғабит Мүсірепов – өңірдегі бақуатты ауданның бірі. Мұнда биыл 2 мыңнан астам адам еңбекпен қамтылыпты. Оның 900-і жаңадан пайда болған жұмысқа тұрған. Жалпы еңбекақы 206 мыңның шамасында. Үстіміздегі жылдағы өсім 20,3 пайызды құрап отыр. Осы және өзге де деректер облыс әкімі Айдарбек Сапаровтың қатысуымен өткен жиында айтылды.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Ғ.Мүсірепов ауданының әкімі:
– Өнеркәсіп өндірісінің көлемі – 34,9 млрд теңге, немесе 109,5 пайызды құрады. 41,2 млрд теңге инвестиция салынды, бұл өткен жылғы деңгейден 8,4 пайызға жоғары. Жеке инвестициялар көлемі 105,4 пайыз немесе 39,1 млрд теңгені құрады. Құрылыс жұмыстарының көлемі 6,5 млрд теңгені құрап, 13,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,4 пайызға артық.

Баяндама аяқталғасын жұмыс сапарымен жүрген Айдарбек Сапаров проблемаларға тоқталды. Күрмеуі күрделі түйіндер бақуатты деп бағалаған ауданның өзінде баршылық. Алғашқы мәселе – мемлекеттен берілген миллиондардың игерілмеуі. Мысалы, биыл аудандық ақ жағалы азаматтар бақандай 630 миллионды іске жаратпапты.

 

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
–  Ақша беріліп жатыр, жағдай жасалып жатыр. Почему не осваиваете? Бұл бір мәселе. Екіншіден, с района в год уезжают порядка 150 семей.

Адамдардың кіндік қаны тамған ауылдардан не себепті көшетіні бес саусақтай белгілі. Елді мекендерде жыл бойы істейтін жұмыс жоқ. Бұл жерде жергілікті атқарушы билікті де, шаруаларды да сынай аламыз. Соңғылары мыңдаған гектар жерге дән себеді, мемлекеттен миллиондап субсидия алады, алайда, тұрғындардың тұрмысын түзеу дегенде сараңдық танытады. Айдарбек Сапаров іскер жандарды қалтамен қатар, халықтың да қамын ойлауға шақырды.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
–  Оянайық, жұмыс істейік. Елдің ойынан шығайық. Өйткені, мемлекеттен қаншама қаржы бөлініп жатыр. У вас налог всего лишь 2,4 млрд тенге. А субсидия 7,5 млрд тенге.

Сандардан қорытынды шығарсақ, мемлекеттің шығыны бес елі, ал кірісі мен субсидиясы көл-көсір кәсіпкерлердің салығы аз екенін ұғынамыз. Жиында жергілікті белсенді азаматтар көкейлерінде жүрген проблемаларды да көтерді. Ағайынды әртүрлі мәселе алаңдатады.

СЕРІК ЫБЫРАЕВ, “Целинный-2004” ЖШС директоры, Ғ.Мүсірепов ауданы:
– “Петропавл-Дружба” бағытында 20 жыл автобус қатынады. Осыдан 3 жыл бұрын қоғамдық көлік маршрутын қысқартты. Мұның салдарынан 6 ауылдың тұрғындары тұрақты түрде қатынайтын автобуссыз қалды.

МАҚСАТ БАЯХМЕТ, СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
–  Маршрутты қысқарту болған жоқ. Біз бұл автобус бойынша әр ай сайын конкурс ұйымдастырамыз. Көлік жолдың нашарлығынан діттеген жеріне жете алмайды. Тасымалдаушылар жағдайды осылай түсіндіріп отыр.

Атқамінерлерді бірлесе жұмыс істеуге шақырып, жиынды қорытындылаған соң Айдарбек Сапаров Новоишимское ауылында салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешенімен танысты. Нысан келер жылдың басында тапсырылады. Ал жазда абаттандыру жұмыстары жүргізілмек. Әңгіме барысында аудан басшысы жүзу бассейні мен ескі дене шынықтыру-сауықтыру кешенін күрделі жөндеуден өткізуге көмек сұрады.

Биыл аудан орталығында 50 пәтерлі үй салынды. Баспана келер жылы тапсырылады. Бұл нысанмен де облыс әкімі танысты.

Ғабит Мүсірепов ауданынан кейін Айдарбек Сапаров ат басын іргедегі Айыртауға бұрды. Алғаш аялдаған ауыл – мектебі биыл күрделі жөндеу көрген Казанка. Облыс әкімі оқу ошағын аралап, атқарылған жұмыспен танысып шықты. Сабақ өтіп жатқан кабинетке де бас сұқты. Мұнда аймақ басшысы ұлағатты ұстаздарды сапалы білім беруге шақырды.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
–  Білім саласы дұрыс болу керек. Балаларға көңіл бөліңіздер.

Жұмыс сапары барысында облыс әкімі жергілікті тұрғындармен де кездесті. Жүздесуде ауыл халқы жедел жәрдем көлігін сұрады. Бұқараның бұйымтайы жерде қалмайды.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– 1 жедел жәрдем көлігін берейік. Сонда адамдар ешқайда кетпейді.

Ал, бұл – Саумалкөлдегі басқосу. Жиын шымылдығын облыс әкімі ашты, артынша аудан басшысы сөз алды. Баяндамадан біраз жұмыс атқарылғанын ұғынамыз. Дегенмен, шешуді қажет ететін мәселелер әлі де бар. Ақшаның игерілмеуі, халықтың көшуі, тұрғындардың тұрақты пай алуы. Соңғысы әділ шаруаларға тікелей байланысты. Өкінішке қарай, Айыртауда мұндай жандар аз сияқты. Адамдар бір серіктестіктен екіншісіне жиі ауысатын болған.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
–  Халықтың агроқұрылымнан пайын алып отырғаны дұрыс. Осыны дұрыс түсіндіру керек. Ауыса бергеннен пайда жоқ.

Айыртауда білім деңгейі төмен. Бұған ҰБТ нәтижесі дәлел. Денсаулық сақтау саласында да мәселе бар. Аудандық аурухана 5 бірдей дәрігерді қажет етеді.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Айыртауда тұрмасаң, қайда тұрасың? Ауасы керемет. 5 дәрігерді тауып алуға болады ғой. Аудан басшысы мен басқарма басшысы жарты жылда мәселені шешіңіздер. Мәселе өзімнің бақылауымда болады.

Саумалкөлдегі орталық қазандық қалыпқа келтіруді қажет етеді. Жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжаттары да әзір. Алайда, нысан келесі жылы жөнделмейді. Облыс әкімі мәселе 2024-те шешілетінін айтты. Жиын соңында Айдарбек Сапаров жөнделген жолдарды күтіп ұстауды тапсырды.