Спорт

Аққайың ауданында хоккейден жолдастық кездесу өтті

 

Аққайың ауданындағы Власовка елді мекенінде хоккейден жолдастық кездесу ұйымдастырылды. Жарыс басталмас бұрын спорт және дене шынықтыру басқармасы мен “Qulager” командасының атынан мектеп оқушылары мен аудан хоккейшілеріне сыйлықтар табыс етілді. Көпшілік алдында сөз сөйлеген Аққайың ауданының әкімі Рүстем Елубаев
ауданда қысқы спорт түрлерінің дамуына тоқталды.

РҮСТЕМ ЕЛУБАЕВ, Аққайың ауданының әкімі
– Аққайың ауданында қысқы спорт түрлері жақсы дамыған.
Осы ретте үнемі қолдау білдіретін бейінді басқармаға деген ризашылығымыз мол. Қазіргі таңда әр ауылда хоккей корты салынып жатыр. Алдағы уақытта ауданда жабық хоккей алаңын салуды жоспарлап отырмыз.

Бұдан кейін аудан құрамасы мен «Qulager» командасы арасындағы ойын басталып кетті.

Кездесу тартысты өтіп жатыр. Кәсіби ойыншылар 1-ші периодта 2:1 есебімен алға шықты. Аудан спортшылары да осал емес. Барлығы ерік-жігерін танытуда.

АРТЁМ Подшендялов, «Qulager» ХК ойыншысы
– Шақырғандарыңызға көп рахмет. Өте жақсы ойын болып жатыр. Аққайың ауданының спортшылары керемет өнер көрсетуде. Бұл ауылға бірінші рет келіп тұрмыз.

Кездесу соңында екі жақ 5:5 есебімен тең түсті.
Осы ойынды ұйымдастыру арқылы құлагерліктер әріптестерімен тәжірибелерімен бөлісті. Дәстүрлі шараның ұйымдастырылып келе жатқанына – 17 жыл. Спорт ардагері Анатолий Заруцкийдің айтуынша, жергілікті спортшылар жарыстарға белсенді қатысады.

АНАТОЛИЙ ЗАРУЦКИЙ, спорт ардагері
–  Ауданымызда хокейден қысқы ойындар маусымы ашылып жатыр. Бүгінгі күн ерекше есімізде қалады, себебі алғаш рет «Qulager» командасы ауылымызға келіп, өз ойындарын көрсетуде.

Кейін аудан хоккейшілері өзара сынға түсті. Барлығы – 4 топ.
Жеңіске жеткен ұжымға кубок пен ақшалай сыйлық беріледі.