Қоғам

2023 жылы Петропавлда 38 км жол жөнделмек

 

Облыс орталығының әкімі де жыл бойы атқарылған шаруаны қорытындылады. Руслан Аңбаевтың сөзінше, биыл қалалық бюджет көлемі 71 млрд теңгеден асты. Салық пен басқа міндетті төлемдер есебінен қазынаға 33,4 млрд теңге түскен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11, 5 млрд теңгеге көп. Құрылыс саласында оң өсім байқалады. Бүгінде Жас өркенде – 10, Уәлиханов көшесі бойында 6 кредиттік үй салынуда. Береке ықшам ауданында тура осынша жалдамалы-коммуналдық баспананың құрылысы аяқталайын деп қалды. Биылдыққа 7 бюджеттік үй қолданысқа тапсырылған.

РУСЛАН АҢБАЕВ, Петропавл қаласының әкімі:
– Коммерциялық тұрғын үй салу бағыты да дамып келеді. Жеке компаниялармен биыл 35 үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл басынан 12 коммерциялық үй қолданысқа берілді. Жыл соңына дейін тұрғын үй қорын тағы 7 үй толықтырады, жаңа үйлерге қоныстандыру 2023 жылы жүргізілетін болады. Пәтерлер 2 деңгейлі банктер немесе Отбасы банк арқылы сатылады. Жалпы, 2022 жылы 1 700-ден астам отбасы пәтерге ие болды.

Ал ендігі жылы 26 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталмақ. Мұнымен қоса, қалада көппәтерлі үйлерді модернизациялау бағдарламасы іске асуда. 2021 мен 22-ші жылдары баспаналарды күрделі жөндеуге республикалық бюджеттен 2 млрд теңгеден астам кредит бөлінген. Келесі жылы пәтерлерін жаңартқысы келетіндердің мекенжайлары анықталады. Наурыз айында 2024 жылы бағдарламаға қатысу үшін құжаттардың толық пакеті жіберілмек.

РУСЛАН АҢБАЕВ, Петропавл қаласының әкімі:
– Автомобиль жолдары – қаламыздағы жауыр болған мәселелердің бірі. 2022 жылы 2,8 шақырым жер, яғни 5 көше орташа жөндеуден өтті. 27 көшенің ой-шұңқыры реттелді. 115 мың шаршы метр жерге қиыршақ тас төселді. Келесі жылы қала бюджетінен орташа жөндеу жұмыстарына 300 млн теңге қарастырылған. Облыс басшылығының қолдауымен 4 млрд теңге бағытталады. Бұл ағымдағы жылмен салыстырғанда 10 есеге көп. Осылайша, 38 км жол жаңартылмақ.

Руслан Аңбаев қаланы абаттандыру, жарық, жылу жүйесінде атқарылған шаруаларды да атап шықты. Үстіміздегі жылы қала аумағында коммуналдық меншіктегі ұзындығы 8 км-ден асатын кабель желілерінің авариялық учаскелерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. Бұл іс келесі жылы да жалғасын табады. Сонымен қатар, 2023-те Петропавлдың 11 мектебі жөндеу көрмек.

РУСЛАН АҢБАЕВ, Петропавл қаласының әкімі:
– Бүгінде қаламызда 91 білім беру мекемесі бар. Оның ішінде 6 мектепте инклюзия кабинеттері жұмыс істейді. 2022 жылы білім саласына 21,4 млрд теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 18 пайызға артық. Сондай-ақ, мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 154 млн теңге бағытталды. 2023 жылы қаладағы 11 мектеп пен 2 балабақшаның күрделі жөндеуіне 574 млн теңге бағытталмақ.

Қалада бұқаралық спортты дамыту мақсатында біршама іс тындырылуда. Қазіргі уақытта 490 спорттық нысан жұмыс істеп тұр. Жуық арада «Динамо» стадионында 1600 шаршы метрлік мұз құйылмақ.