Қоғам

1-ші қаңтардан жәрдемақы мен зейнетақы өседі

 

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы” заңға қол қойды. Аталған заң жобасы аясында қаңтардың 1-інен бастап күнкөріс шегі, ең төменгі зейнетақы, жалақы мен жәрдемақы мөлшері де өзгереді.
Бүгінде біздің облыс бойынша зейнетақы және әлеуметтік төлемдерді 141 мыңнан астам адам алып отыр. Оның 101 мыңнан астамы – зейнеткерлер.

ГҮЛБАҚЫТ МАНАБАЕВА, Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:
–  2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 2027 жылға дейін ең төменгі базалық зейнетақы мөлшерін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ынан 70%-ына дейін, ең жоғарғысын тиісінше 100%-дан 120%-ға дейін кезең-кезеңімен жеткізу. Осы кезеңде базалық зейнетақы мөлшері орта есеппен 51%-ға дейін артатын болады. Бұл ретте базалық зейнетақының орташа мөлшерінің жыл сайынғы өсуі шамамен 13%-ды құрап, барлық 2 млн зейнеткерді қамтиды. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін ең жоғары табыс көлемі зейнеткер атанғандар үшін 46 АЕК-тен 55 АЕК-ке дейін ұлғайтылады.

Сонымен, республикалық бюджет туралы заңға сәйкес 2023 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап мынадай өзгерістер орын алмақ.

– Айлық есептік көрсеткіш мөлшері (АЕК) – 3450 теңге (2022 ж – 3180 тг);
– Ең төменгі зейнетақы – 53076 теңге (2022 ж – 48032 тг);
– Күнкөріс деңгейі (ЖМ) – 40567 теңге (2022 ж – 37389 тг);
– Базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері – 24341 теңге (2022 ж – 20191 тг)

ГҮЛБАҚЫТ МАНАБАЕВА, Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:
–  Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап алынатын мөлшерден 10,5%-ға артады. Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейінің ұлғаюына, сондай-ақ, ең төменгі мөлшердің 54%-дан 60%-ға дейін ұлғаюына байланысты арттырылатын болады. Жоғарыда көрсетілген өзгерістерді ескере отырып, келесі жылы республикалық бюджеттен ынтымақты және базалық зейнетақы төлеуге шамамен 3,3 трлн тг қаржы қарастырылып отыр.

Айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің ұлғаюына байланысты көпбалалы отбасыларға төленетін және арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар мөлшері 8,5%-ға артады. Сондай-ақ, келер жылдан бастап жаңа босанған аналарға тиісті жәрдемақы 1 жыл емес, енді 1 жарым жыл бойы төленеді.