Спорт

Жас палуандар бәсекесі

 

Есіл ауданындағы Покровка ауылында қазақ күресінен жасөспірімдер арасында грек-рим күресі бойынша спорт шеберіне үміткер Жаудат Шоткинді еске алу турнирі өтті. Облыстық турнирдің ашылу салтанатына марқұмның жақындары мен аудан әкімі қатысты. Мінберге шыққан Медет Оспанов жас палуандарға сәттілік тілеп, балаларды салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.

МЕДЕТ ОСПАНОВ, Есіл ауданының әкімі
– Әр бала спорттың кез келген түрімен айналыса алады. Кеше ғана кикбоксшыларымыз Азия чемпионатында үздік атанды. Спорттың барлық түрімен айналысу қажет.

Ашылу салтанатынан кейін білекті әрі жүректі балалар бозкілемге шықты.

Ортада 38 келі салмақ дәрежесіндегі шалақындық және жұмабаевтық қос палуан бақ сынасуда. Екеуінің жастары да, шама-шарықтары да бірдей. Тек Ерұлан Қатыран техникалық тұрғыда басым. Жиі әдіс жасауының арқасында Шал ақын ауданының өрені жеңіске жетті.

ЕРҰЛАН ҚАТЫРАН, турнирге қатысушы, Шал ақын ауданы
–  Қарсыласым Мағжан Жұмабаев ауданынан болды. Мен оны “спинка” әдісімен таза қададым. Жақсы дайындалып келген. Менің осы спорт түрімен айналысып жүргеніме 3 жылдай болды.

Бәсекенің қызу болғаны соншалық жеңіліс тапқан кей палуандар көздеріне жас та алып жатты.

42 келі салмақ дәрежесіндегі мына қос спортшы Есіл және Тимирязев аудандарының намысын қорғайды. Екеуінің жолы 1-ші айналымда түйісті. Палуандарға жаттықтырушылары мен достары жан-жақтан кеңес беруде. Ақылды есілдік Ерасыл Мұхамади ұтымды пайдаланды. Ол – жеңімпаз!

ЕРАСЫЛ МҰХАМАДИ, турнирге қатысушы, Есіл ауданы
–  Қарсыласымды тазаға қадап жатқанмын, аяғымен тіреп қалды да жартылайға түсті.  Қазақ күресін басқа спорт түрлеріне ыңғайым болмағандықтан таңдадым

Жаудат Шоткинді еске алу турнирі өңіріміздің 100-ге жуық палуанының басын қосты. Бір кездері бозкілемде қарсылас шыдатпаған, чемпиондарды тәрбиелеген марқұмның құрметіне жарыс осымен 33-ші рет ұйымдастырылып отыр.

АЗАМАТ ШОТКИН, Жаудат Шоткиннің інісі
– Ол кісі Есіл ауданының Құрметті азаматы болды. КСРО кезінде спорт шеберіне үміткер болды. Есіл ауданының спортшыларын жетілдірді, тәрбиеледі. Ағамыздың қолынан Азия чемпионы болғандар да бар.

Дода соңында жеңімпаздарға кубок, медаль мен ақшалай сыйлық табыс етілді.