Мәдениет

Тіл жанашыры Мүтәллап Қанғожинді еске алу кеші өтті

 

«Өлеңі өмірінің айнасындай». Ақын, журналист Мүтәллап Қанғожиннің дүниеге келгеніне биыл – 85 жыл. Атаулы датаға орай бүгін С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада азаматтың құрметіне еске алу кеші өтті. Белгілі күйші Серікбай Бәриұлы – қаламгердің құрдасы. Замандастар той-томалақта, жиындарда жолдас болып бірге жүрген. Серікбай Құсайынов домбыраның құлағында ойнаған кезде Мүтәллап Мұхамәдиұлы содан шабыттанып, жыр тербепті. Тіпті, талантты жолдасына арнап қос өлең де арнаған.

СЕРІКБАЙ ҚҰСАЙЫНОВ, күйші, облыстың Құрметті азаматы:
– Жүрген жерінде сыйлы азамат болды. Аса артық сөзі болмады. Көпшілікке сөзі өтетін. Менімен құрдас болғаннан кейін әңгімеміз бен әзілдеріміз жарасатын. Бір-бірімізді сыйлап жүретінбіз.

Ал Тілек Әйтімұлы ақынмен жұмыс бабы бойынша араласқан. Сол себепті, азаматты өз жұмысына жауапты жан ретінде еске алады. Жиын барысында Мүтәллап Қанғожиннің тіл жанашырлығы қасиетін де тілге тиек етті. Оның бұл қасиетін еңбек ардагері Мүтәллап Мұхамәдиұлы облыстық телерадиоарнада тер төккен кезде байқапты.

ТІЛЕК ӘБДІРАХМАНОВ, еңбек ардагері, облыстың Құрметті азаматы:
– Мүтәллап Қанғожин – өз өмірін әдебиет пен мәдениет саласына арнаған азамат. Мен бұл азаматты облыстық телерадиода жүрген кезінде таныдым. Ол кезде қазақ тіліндегі хабарлар аз болатын. Мүтәллап Қанғожиннің басшылығымен тәрбиелік мәні бар бағдарламалар ашылды.

Жиында мектеп және коледж-университет жастары да сөз алды. Жастар ақыннан мұра болып қалған өлеңдерін оқыды. Айта кетейік, еске алу кешіне жиналған көпшілік назарына Мүтәллап Қанғожиннің өлеңдер жинағы, мақалалары мен кітаптары қойылған «Ақыннан өлмес жыр қалған» атты көрме ұсынылды.