ТЖ

Пиротехника ойыншық емес

 

Жаңа жылға санаулы күндер қалды. Жұртшылық, әсіресе, балалар отшашу сатып алуға асық. Бірақ, пиротехникалық затты сатып алуға да жауапкершілікпен қарау керек. Себебі, кейде салғырттықтың салдары қайғылы жағдаймен аяқталып жатады, дейді ТЖД мамандары.

ДМИТРИЙ РАСТИХИН, СҚО ТЖД бастығының орынбасары
 – Жаңа жыл мерекесі қарсаңында тұрғындар пиротехникалық заттарды көптеп сатып алып жатады. Отшашуларды қолдан емес, арнайы орындардан алу қажет. Яғни, сапасына баса назар аударып, заң жүзінде лицензиясы бар-жоғын тексеріп алған жөн және ең бастысы, оны қолданғанда қауіпсіздік ережесін ұмытпау қажет. Өйткені, Жаңа жылда өрт оқиғалары пиротехникалық жарылғыш заттардан жиі туындап жатады.

Отшашу мерекенің шырайын келтіргенімен, денсаулыққа тигізер зияны шаш етектен. Себебі, елімізде отшашудың салдарынан көз­ жарақатын алып, петарда атамын деп қолын күйдіргендер баршылық. Жарылғыш заттардан жапа шегетіндердің басым көпшілігі – балалар. Сондықтан, мамандар ата-аналарға ұл-қыздарына пиротехника ойыншық емес екенін түсіндірулері қажет дейді. Брифинг барысында Дмитрий Растихин өңірдегі болған өрт санына тоқталып өтті. Облыста жыл басынан бері 665 өрт оқиғасы тіркелді. Салдарынан 36 адам қаза тауып, 30 тұрғынды күйік шалды. Келген материалдық шығын 426 млн теңгеден асып жығылады.

ДМИТРИЙ РАСТИХИН, СҚО ТЖД бастығының орынбасары
 – Өрттердің 70 пайызы жеке секторда болған. Биылдың өзінде жылыту маусымы басталғалы 103 факті тіркелді. Оқыс оқиғалардың басым бөлігі салғырттықтың салдарынан туындайды.

Облыста иіс тию оқиғалары тіркелді. Жыл басынан бері 10 адамға ыс тиіп, дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Оның 3-еуі – бала.