Аптадағы маңызды жаңалықтар

Руслан Аңбаев халық алдында есептік кездесу өткізді

 

Бүгін қала әкімі Руслан Аңбаев халық алдында есептік кездесу өткізді. Жиын облыс әкімі Айдарбек Сапаровтың қатысуымен өтті. Әуелі облыс орталығының даму қарқыны сөз болды. Биыл қалалық бюджет көлемі 71,6 млрд теңгені құрапты. Ауқымды жұмыс құрылыс саласында атқарылған екен. 2022-нің 11 айы ішінде 48,2 млрд теңгенің шаруасы тыңдырылған. Үйлер даму қарқыны жоғары 3 шағын ауданда салынып жатыр.

РУСЛАН АҢБАЕВ, Петропавл қаласының әкімі:
– Қазіргі уақытта Жас өркен шағын ауданында 10 және Уәлиханов көшесінде 6 несиелік үйдің құрылысы жүріп жатыр. Береке шағын ауданында халықтың әлеуметтік осал топтарына арналып жалға берілетін 600 пәтердің құрылысы аяқталуға жақын. Жалпы, жыл басынан бері 7 бюджеттік үй пайдалануға берілді. Айта кетейік, қазіргі таңда Петропавлда жеке компаниялар 35 нысан тұрғызып жатыр.

Жиында Руслан Аңбаев қала көшелерін жарықтандыру мен жол салу және жөндеу мәселесіне де тоқталды. Биыл Петропавл аулаларына 183 жарықдиодты шам орнатылыпты. Бұл жұмыстар тұрғындардың өтініштері бойынша жасалған екен. Енді жолдардың жайын тілге тиек етейік. Ағымдағы жылы Алтынсарин көшесінен басталып Партизан көшесіне дейін жалғасқан 1,7 шақырымдық орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Мұндай жұмыс биыл қала көшелерінің тағы 5-уінде жасалыпты.

РУСЛАН АҢБАЕВ, Петропавл қаласының әкімі:
– Аулаішілік жолдарды асфальттауға 65,4 млн теңге бағытталды. Нәтижесінде 7 ауланың аумағы жақсарды. Сондай-ақ, 24-ші орта мектептің кіреберісі оңдалды. 7 аулаға 1400 метрлік қоршау орнатылды.

Тұрғындарға есеп беру барысында Руслан Аңбаев жылыту жүйесі мен сумен жабдықтауда атқарылған жұмысты да баян етті. Бірақ, бұл бағыттағы жағдай мәз емес. Қазіргі таңда барлық желілер 70-80%-ға тозып тұр. Мұны жиында облыс әкімі Айдарбек Сапаров алға тартты.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Келесі жылға жоспарлар ауқымды. Ең бірінші жұмысты ЖЭО-дан бастаймыз. Биыл акционерлер 17,5 млрд теңге бөліп, оның 12,5 млрд-ын игерді. 2023-те жаңа мұржа тұрғызып, қазандық агрегаттарын жөндеуге 5,2 млрд теңге жұмсауды жоспарлаудамыз. Бірақ, менің ойымша, бұл қаражат жеткіліксіз. Сол себепті, Жаңа жылдан кейін акционерлермен кездесіп, қаржыландыруды 2 есеге арттыру туралы келіссөз жүргіземін. Әйтпесе, келесі жылыту маусымынан қысылмай шығу бізге қиын болады.

Өңір жетекшісі қозғаған кезекті мәселе жолдарға қатысты. 2018 жылдан қаладағы орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстарына 400 млн теңге қаражат бөлініп келді. Келер жылдан бастап бұл бағытқа 4 млрд теңге жұмсалмақ.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
–  Қала әкімінің айтуынша, бұл қаржыға 18 көше қалыпқа келтіріледі. Оның тым болмаса 10-ы келесі жылы толық жөндеуден өтуі тиіс. Жұмыс тұралап қалмауы керек. Көшені жауып тастап, бір-екі техникамен жұмыс істеуді доғару керек. Жауапты іске жауапкершілігі жоғары компания кірісуі қажет.

Кейін кезек тұрғындарға да келіп жетті. Азаматтар қала және облыс басшылығына өз сұрақтарын қойды. Жұмысшы кентінің тұрғынын өзі тұратын 2 қабатты үйдің жайы алаңдатуда. 60-шы жылы салынған нысанда адам өміріне қауіп төндіретін бірнеше фактор бар дейді. Соның бірі – шатырдың жоқтығы.

Козырьки, листа там вообще нету. Мы крыши кроем по кусочкам. Надо что-то предпринимать.

РУСЛАН АҢБАЕВ, Петропавл қаласының әкімі:
– Сіздердің үйлеріңізге барып, мәселенің мән-жайымен танысамын. Тұрғындармен арнайы мемлекеттік бағдарлама жайында әңгімелесемін. Үйдегі олқы тұстарды қалыпқа келтіруге, әрине, несиелік қаражат бөлінеді. Яғни, оны сіздер ай сайын өтейсіздер.

Есептік кездесуде медицина саласындағы өткір мәселелер көтерілді.
Тұрғындар дәрі-дәрмектің қымбаттығы мен дәрігерлердің жетіспеушілігін айтты. Бейінді басқарма өкілдерінің айтуынша, бұл жағдай – назарда. Өңірге мамандар тартылып жатыр. Өңірге биыл 180-нен астам дәрігер
келген. Жиыннан кейін Руслан Аңбаев азаматтарды жеке қабылдады.
Барлығы – 10 адамның базынасы тыңдалды.