Мәдениет

Достық үйінде марапаттау рәсімі өтті

 

 

Бүгін Достық үйінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетовтың қатысуымен салтанатты шара ұйымдастырылды. Ассамблея мүшелері жылды қорытындылап, бірқатар азаматты марапаттады. Олар – ел бірлігін нығайтуға, татулық пен келісімді сақтауға үлес қосып жүрген жерлестеріміз. Марат Тасмағанбетов жиналғандарға аймақ басшысының құттықтауын жеткізді.

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, облыс әкімінің бірінші орынбасары:
–  Құрметті Ассамблея мүшелері, келе жатқан жылда баршаңызға зор денсаулық, жақсылық тілеймін. Еліміздің өркендеу жолында еңбектеріңізге табыс тілейміз! Еліміз аман, заманымыз тыныш болсын!

Жылы лебізден кейін Марат Тасмағанбетов Ассамблея мүшелерін марапаттауға көшті. Награда алғандардың арасында Ләззат Жалмұқанова да бар. №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің директоры оқу ошағында бірнеше ұлт өкілі бір үйдің баласындай білім алып жатқанын айтты.

ЛӘЗЗАТ ЖАЛМҰҚАНОВА, №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің директоры:
–  Біздің мектебімізде 1820 оқушы оқиды. Биыл біраз жетістікке жеттік. 11 оқушымыз – “Алтын белгі” иегері. Барлығы жоғары оқу орындарына түсті.

Сонымен қатар, Резеда Баймұханбетоваға Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық “Бірлік” алтын медалі табысталды. Клиникалық психолог еліміздің барлық өңірлерін аралап, дәріс өткізген. Нәзікжандының өзі татар ұлтынан. Дегенмен, Қазақстанда тұрғасын, мемлекеттік тілді бірінші кезекке қойып, жұмысын да қазақша жүргізеді.

РЕЗЕДА БАЙМҰХАНБЕТОВА, клиникалық психолог:
– Шамам жетсе, әлі де Қазақстанның ынтымақтастығын, бірлігін арттыруға үлесімді қосамын. Түрлі ұлт өкілдерімен тренингтер жүргіздік.

Шара соңы мерекелік концертпен жалғасты.