СҚО әкімдігі

Айдарбек Сапаров: “Аудан әкімдері халықпен тығыз жұмыс істеуі керек”

 

 

Аққайың ауданына жұмыс сапарымен барған облыс басшысы алдымен жуырда Аралағаш ауылында ашылған құс фабрикасына ат басын бұрды. Ет өндірісін дамытуды көздеп отырған серіктестік басшысы Берік Ақмырза
қазірдің өзінде жергілікті өнімге сұраныс жоғары дейді.

Берік Ақмырза, «Северный бройлер» құс фабрикасының басшысы, Аққайың ауданы
 – Біздің өнімге қызығушылық танытып отырғандар жетерлік. Жергілікті саудагерлер кезекте тұр десем болады. Сондай-ақ, Көкшетау мен Астана қалаларынан да ұсыныстар түсіп жатыр.

Жаңадан ашылған құс фабрикасында 150-ден астам адам екі қолға бір күрек тапқан. Бүгінде өндіріс ошағының басты проблемасы интернетке қатысты. Себебі, еуропалық құрылғылар дәл осы интернетке тәуелді болып отыр.

Құс фабрикасының жұмысымен танысып болған соң, аймақ басшысы аудан орталығының тұрғындарымен тілдесті. Ауылдағы ағайынды әдеттегідей ауыз су, жол, медицина салалары алаңдатады. Қазіргі уақытта ауданда 31 ауылдың тек біреуі ғана орталықтандырылған тіршілік нәрімен қамтылмаған. Кездесу барысында Полтавка ауылындағы су мәселесі көтерілді.

Қанат Асқаров, “Нұра топтық су құбыры” ШЖҚ РМК “Есіл су” филиалының директоры
 – Бұл мәселені тұрғындар көптен бері көтеріп келеді. Алдағы жылы аталған ауылдағы суға қатысты проблема толығымен шешіледі.

Ауылдардан адамдардың көшіп кетуі және елді мекендердің жойылып бара жатқаны да өзекті проблемалардың бірі.

Айдарбек Сапаров, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі
–  Тұрғындар елді мекендерден көшіп кетіп жатыр. Аққайыңдықтардың да 200-ден астамы басқа жерге қоныс аударған. Бұл тек қағаз жүзінде. Ал аудан орталығында небәрі 6 мыңға жуық тұрғын тұрады. Үйлер салынып жатыр. Оңтүстіктен солтүстікке көшу жөнінде бағдарламалар да бар. Сонда біз адамдарға толық көлемде жағдай жасай алмай отырмыз ба? Сіз аудан әкімі ретінде бұның барлығын бақылауыңызыға алуыңыз керек.

Кездесу соңында өңір жетекшісі аудан әкіміне халықпен тығыз байланыста болуды тапсырды.

Айдарбек Сапаров, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі
– Ерінбей жұмыс жасайық. Әкім болсаң, халқыңа жақын бол дейді. Сондықтан, мен өзім жақын болып, аудан әкімдері жақын болып, араласып халықпен бірге шешім қабылдайық. Сонда бәрі дұрыс болады деп ойлаймын.

Сөз соңында облыс басшысы Айдарбек Сапаров жөндеуден өткен жолдардан ауыр жүк көліктерінің жүрмеуін көлік инспекциясы мамандарына бақылауда ұстауды тапсырды.