Қоғам

“Әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізілімі” ақпараттық жүйесінің жұмысы

 

 


2017-ші жылдан бері Солтүстік Қазақстан облысында “Әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізілімі” ақпараттық жүйесі жұмыс істейді. Жаңашылдық өзін жақсы қырынан көрсете білді. Бас прокуратураға қарасты Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің өнімі әкімшілік іс қозғай алатын 70-ке тарта мемлекеттік органды біріктірген.


АЙДАР МҰҚАНОВ, ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің СҚО басқармасының бөлім бастығы:
– Сонымен қатар, ақпараттық жүйе екінші деңгейлі 19 банкті, “Қазпоштаны” біріктірді. Мұның өзіндік артықшылықтары бар. Бұрын әкімшілік құқық бұзушы айыппұл төлеу үшін банкке баратын және түбіртекті тиісті мемлекеттік органға апаратын. Қазір шаруаны ұялы телефонның көмегімен үйде отырып-ақ тындыра беруге болады.

Ал салынған айыппұлдың саны да, көлемі де аз емес. Биылдың өзінде өңірімізде жалпы сомасы 490 млн теңгеден астам 111 мыңға тарта
бұзушылық тіркеліпті. Ұсынылған дерекке сүйенсек, берешектің басым бөлігі мобильдік қосымшалар арқылы өтелген.

АЙДАР МҰҚАНОВ, ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті СҚО басқармасының бөлім бастығы:
–  Әкімшілік құқық бұзушылықтардың бір бөлігі фото-видео камералары арқылы анықталды. Көпшілік жақсы білетіндей, қарашаның 16-сы күні Петропавлда 28 құрылғы жұмысын бастады. Қондырғылар тіркеген деректі ақпараттық жүйе автоматты түрде өңдеп, хабарламаны құқық бұзушыға жібереді.

Орнатылған камералар жүргізушілерді біртіндеп тәртіпке үйрететін сияқты. Әйтпесе, арамызда ережеге пысқыра қарайтындар баршылық. Мысалы, жақында бір жігіт 4 күн ішінде 10 рет тәртіп бұзған. Оған автоматты түрде 200 мың теңгеден астам айыппұл салынған екен. Қоса кетейік, хабарлама келген күннен бастап құқық бұзушы 7 тәулік ішінде тиісті соманың 50 пайызын төлеуге құқығы бар.