Мәдениет

«Әдемі-ау» қазақ би ансамблінің жетістіктері

 


«Әдемі-ау» қазақ би ансамблі 20 жыл бұрын құрылды. Осы уақыт ішінде мың бұралған бишілер талай жүректі жаулады. Солтүстік Қазақстанның ғана емес, ел намысын әлем елдерінде абыроймен қорғап жүр. Көздің жауын алар ұлттық киім киген, шолпы таққан қыздар ұлттық болмыс пен мәдениетті паш етіп жүр.

2022-ші жыл «Әдемі-ау» би ансамблі үшін сәтті өтті. Биші қыздар қатарынан 3 рет Түркия елінде өнер көрсеткен. Бурса қаласында өткен фестивальдің ашылу мен жабылу салтанаттарына шақырылыпты, 4-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойынына қатысқан. Ансамбль мүшесі Назерке Қабденова өзге елдің бишілерімен танысу зор тәжірибе дейді.

НАЗЕРКЕ ҚАБДЕНОВА, «Әдемі-ау» қазақ би ансамблінің бишісі:
– Жалпы, масштаб өте үлкен болды. Бізге бәрі ұнады. Көп бишілер келді. Олардан тәжірибе алдық. Өнерлі адамдармен араласу жаныма жақын. Оған қоса олар да түркі тілдес халық болған соң, бізге жақын. Бишілер өте мықты. Филармониямызға алғысымыз шексіз.

Назерке Қабденованың ұжымға қосылғанына 10 жылдай болып қалыпты. 17 жасында келген бұрымды осы ансамбльде білікті биші ретінде өсіп-жетілдім дейді.

НАЗЕРКЕ ҚАБДЕНОВА, «Әдемі-ау» қазақ би ансамблінің бишісі:
–  Ансамбьге құрбым шақырды. Кезінде қосылғаныма өте қуаныштымын. Менің мамандығым – агроном. Бірақ, мамандығым бойынша жұмыс істеймін деп ойлаған да жоқпын, себебі өнер бағытын таңдадым. Болашақта да осы жолмен жалғастырамын.

Ансамбльге қазіргі уақытта 16 адам мүшелік етеді. Ұжым жыл сайын талантты қыздармен толығып отырады. Биыл да бірнеше нәзікжанды келген. «Әдемі-ау» қазақ би ансамблінің көркемдік жетекшісі Расима Сучкованың айтуынша, биші қыздар түрлі концерт пен фестивальдарға
тыңғылықты дайындалады, тынығуға уақыт жоқ.

РАСИМА СУЧКОВА, «Әдемі-ау» қазақ би ансамблінің көркемдік жетекшісі:
–  Облыстық филармония ұжымы сенбі сайын түрлі концертке қатысады, аудандарды аралайды, әлемдік деңгейдегі фестивальдарға да шығамыз. Биылдың өзінде бірнеше елді аралап келдік. Облыс әкімі мен мәдениет басқармасының басшысына бізге осындай мүмкіндік бергендеріне алғысым шексіз.

Түркиядан таяуда ғана оралған биші қыздар қаңтардың 4-інде өтетін концерттік бағдарламаға дайындықтарын бастап кетті.