Қоғам

1 қаңтарда жаппай декларациялаудың 2-ші кезеңі басталады

 

Елімізде осымен 2-ші жыл қатарынан жалпыға бірдей декларациялау жүргізілмек. Қаңтардың 1-інен бастап жаппай декларациялаудың 2-ші кезеңі басталмақ. Яғни, келесі жылдан бастап есептілікті мемлекеттік мекемелердің және квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері, сондай-ақ, олардың жұбайлары тапсыра бастайды.

Бауыржан Шайкенов, СҚО бойынша МКД басшысының орынбасары
– Мемлекеттік мекемелер санатына тек бюджет есебінен ұсталатын мекемелер қарайды (денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, білім беру, мектепке дейінгі білім беру саласы). Ал квазимемлекеттік сектор – бұл мемлекеттің қатысуымен құрылған құрылым. Квазимемлекеттік сектор субъектілері – бұл мемлекеттік кәсіпорындар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, акционерлік қоғамдар, оның ішінде мемлекет қатысушысы немесе акционері болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар. Екінші кезеңде 72 508 декларант күтілуде.

Декларация тапсырудың мерзімі тұрғылықты жері бойынша қағаз жүзінде 15-ші шілдеге дейін, электронды форматта қыркүйектің 15-іне дейін жүргізіледі. Декларацияны электронды түрде egov.kz арқылы, сондай-ақ, «E-Salyq Azamat» мобильді қосымшасы арқылы тапсыруға болады.

Бауыржан Шайкенов, СҚО бойынша МКД басшысының орынбасары
 – Мемлекеттік лауазымға не мемлекеттік немесе оларға теңестірілген функцияларды орындауға байланысты лауазымға кандидаттар болып табылатын адамдар және олардың жұбайлары, сайланбалы лауазымға кандидаттар үшін басқа мерзімдер белгіленген.

Айта кетейік, активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны ұсынбағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Мамандардың сөзінше, жалпыға бірдей декларациялауға көшу көлеңкелі айналым мен сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді. Жалпы, елімізде жаппай декларациялау 2025 жылға дейін 4 кезеңмен жүзеге асырылатын болады.