СҚО әкімдігі

Жамбыл ауданында мал шаруашылығын дамыту қажет

 

Аудандарды аралап, олардағы жағдаймен танысып жүрген облыс әкімі Айдарбек Сапаров бұл жолы ат басын Жамбыл ауданына бұрды. Ең алдымен өңір жетекшісі халықпен кездесу өткізді. Жиында аудан басшысы есеп беріп, келер жылға арналған жоспарларымен бөлісті.

МАРАТ ЕСКЕНДІРОВ, ЖАМБЫЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
–  Келесі жылы «Петровка-Жаңажол-Бауман» бағытындағы жолды жөндеуді аяқтайтын боламыз. Оның биылғыдан 11 шақырымы қалған болатын. Тағы Қарақамыс ауылына кіреберіс жолды қалыпқа келтірмекпіз. Ағымдағы жылы Благовещенка ауылының көшелерін жөндеуді бастадық. Бірақ, мердігерлердің жауапсыздығы мен битумның жоқтығынан жұмыстар аяқталмай, келер жылға қалды.

Марат Ескендіров келер жылы ауданда тауарлы-сүт кешенін ашуды да жоспарлап отырмыз деді. Бірақ, оның өзі аздық етеді. Өйткені, мұнда мал шаруашылығымен айналысуға ден қойғандар саны аз. Салдарынан жұмыссыздық белең алып, тұрғындар ауылдардан үдере көшуде.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
– Бірақ, сіздердегі агроқұрылымдардың 60 пайызы мал шаруашылығымен айналыспайды екен. Яғни, ауыл халқы жыл он екі ай жұмыспен қамтылмаған. Сондықтан, олар көшпегенде не істейді?! Ауданда бірде-бір ірі жоба, сүт-тауарлы кешен жоқ. Барлығы қаладан жеткізіледі.

Сондай-ақ, жамбылдық шаруалар мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдалануға құлықсыз.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
 – Мемлекет тарапынан қолдау мығым. Тұқым, тыңайтқыштардың бәріне субсидия беріледі. Неге соны пайдаланбасқа? Нәтижесі де бірден болады. Сондықтан, қатысыңыздар дегім келеді әлде мемлекеттік бағдарламаларға қатысу барысында қиындықтар туындап жатыр ма?! Олай болса айтыңыздар. Мәселені бірлесіп шешеміз.

Биыл ауданға бөлінген қаржының 172 млн теңгесі игерілмей қалған. Ал ол қаражат өзге салалардағы жыртықты жамауға септесер еді деген аймақ басшысы бюджетті жоспарлау ісіне тиянақты қарау қажеттігін қатаң ескертті. Бұл күні Айдарбек Сапаров орталық аудандық ауруханаға да соқты. Емдеу мекемесі 60 орынға шақталған. Жан сақтау бөлімшесінде болған өңір жетекшісі мұнда оттегі станциясын сатып алуды тапсырды.

АЙДАРБЕК САПАРОВ – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ 

Ал аудандық емхананың сиқы мынау. Ғимарат жөндеуді қажет етеді. Сондықтан облыс әкімі емдеу мекемесін қалыпқа келтіру қажет деді. Кейін Айдарбек Сапаров жас дәрігерлермен тілдесті.