Мәдениет

Жақсының аты өлмейді

 

Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапханада атақты жерлесіміз, қаламы қарымды журналист, саңлақ жазушы Бақыт Мұстафиннің 85 жылдығына орай еске алу кеші өтті. Жиын шымылдығын “Egemen Qazaqstan” газетінің меншікті тілшісі Жақсыбай Самрат ашып, біртуар перзенттің өмір жолына тоқталды.

ЖАҚСЫБАЙ САМРАТ, “Egemen Qazaqstan” газетінің СҚО бойынша меншікті тілшісі:
–  Бақыт Мұстафин 1937-ші жылдың 10-шы желтоқсанында Есіл ауданындағы Еңбек ауылында дүниеге келген. Еңбек – атақты ауыл. Сол ауылда 10 жылдық мектеп болған. Білім ұясын ағамыз 54-ші жылы алтын медальмен бітіріпті.

Сол жылы түлек Алматыдағы Қазақ Ұлттық университетінің “Журналистика” факультетіне түседі. Білім ордасын 59-да тәмамдап, өңірге оралады. Талантты жас “Ленин туы”, қазіргі “Солтүстік Қазақстан” газетіне жұмысқа тұрыпты. Қара шаңырақта табаны күректей 43 жыл еңбек еткен екен. Мұны Бақыт Мұстафиннің құрдасы, жолдасы Серікбай Құсайынов жақсы біледі. Талай жастың томағасын сыпырған күйші журналистің өтініші бойынша бір кездері баспаға мақала жазып отырыпты.

СЕРІКБАЙ ҚҰСАЙЫНОВ, күйші, композитор, Ы.Алтынсарин медалінің иегері:
– Бірсыпыра дүниені газетке жаздым. Қаламы ұшқыр кісі болды. Жазып апарғанымды көл-көсір қылып байытатын.

Өмірінің соңына таман Бақыт Мұстафин Қозыбаев университетінде еңбек етті. Ол болашақ ізбасарларын тәрбиеледі. Ұстаздың жарқын келбетін, ілкімді істерін әріптесі Жанар Таласпаева ұмыта қоймапты.

ЖАНАР ТАЛАСПАЕВА, Қозыбаев университетінің профессоры:
–  Бақыт ағайды еске алып жатқан шәкірттері көп. Ол кісінің есімі ешқашан да жоғалмайды. Ағамызды мектеп бағдарламасына енгізіп, кеңінен оқыта түсу қажет деген ойдамын.

Еске алу кешінде сөз алған жандардың айтқанын жастар ұйып тыңдады. Іс-шарадан соң жиналғандар кітап көрмесін тамашалады.