Аптадағы маңызды жаңалықтар

Ұлттық экономика вице-министрі Абзал Әбдікәрімовтың жұмыс сапары

 

Бұл – “Солтүстік Қазақстан электр желісін тарату компаниясы” акционерлік қоғамының “жүрегі”. Орталық кеңседен Петропавлда өндірілген энергия қаладағы және 8 аудандағы қосалқы станцияларға таратылады. Олардың атауы мына қабырғада жазылған. Мамандар әрқайсысын күні-түні бақылап отырады. Кеңсенің жұмысымен өңірімізге іссапармен келіп кеткен ұлттық экономика вице-министрі Абзал Әбдікәрімов танысты.

АНАТОЛИЙ КАЗАНОВСКИЙ, “Солтүстік Қазақстан электр желісін тарату компаниясы” АҚ бас директоры:
–  Біздің 163 мың тұтынушымыз бар. Оның 157 мыңы жеке тұлға болса, 6 700-і – заңды тұлға. Қазіргі таңда бізді 2 мәселе алаңдатып отыр. Біріншісі, 2030 жылы желілердің тозуы 100 пайызға жетеді. Шұғыл түрде проблеманың алдын алу қажет. Біз есептеу жүргіздік. Сонда түйінді тарқатуға жыл сайын миллиардтар керек екенін ұғындық.

Екінші мәселе – кадр тапшылығы. Бүгінде мекеме 200 маманды қажет етеді. Анатолий Казановскийдің сөзінше, адамдар жалақының аздығынан қатарға қосылғысы келмейді. Қазір мұндағы орташа табыс 100 мыңнан сәл асады екен.

АБЗАЛ ӘБДІКӘРІМОВ, ҚР ұлттық экономика вице-министрі:
–  Жақын арада “Тарифті инвестицияға айырбастау” атты жаңа бағдарлама қабылданады. Ол арқылы тариф қайта қаралмақ. Мұны екінші деңгейлі банктер көріп, сіздерге төмендетілген пайызбен несие бере алады. 2023-тің алғашқы жартыжылдығында мәселе шешімін таба бастайды деп ойлаймын. Ал келесі проблеманы біз тиісті заңның 22-ші бабына түзету енгізу арқылы шешеміз. Жаңашылдық жақын арада мақұлданады. Сонда жалақы 30-дан 50 пайызға дейін өседі.

Бұл жаңашылдықтың да тарифке тікелей қатысы бар. Үкімет бекітілген көрсеткішті қайта қарап, мамандардың табысын арттырмақ. Бұдан кейін Абзал Әбдікәрімов Қайырбек Оразов атындағы Аралағаш орта мектебінде болды. Білім ұясы 87-ші жылы салыныпты. Қазір мұнда 77 бала білім алады. Олардың 7-еуі – түлек. Ұл-қыздардың барлығы тегін тамақтанады.

РҮСТЕМ ЕЛУБАЕВ, Аққайың ауданының әкімі:
– Аудандағы 21 мектепте оқитын балаларды ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер есебінен тегін тамақтандырамыз. Осы мектепке Иван Зенченко көңіл бөліп отыр. Бүгінгі күні ауданда 0 мен 4-ші сынып аралығында оқитын 1600-дей бала тегін тамақтанады. Бізде 5-6 мектеп оқушылардың барлығын тегін тамақтандырады.

Қайырбек Оразов атындағы Аралағаш орта мектебі соңғы 5 жылда 3 рет жөндеу көрді. Бұл қара шаңырақ елге танымал түлектерімен мақтана алады. Ұлттық экономика вице-министрі оқу ошағындағы музейге бас сұғып, ауылдың, білім ұясының тарихымен танысып шықты.

АБЗАЛ ӘБДІКӘРІМОВ, ҚР ұлттық экономика вице-министрі:
– Беделі бар азаматтар шыққан мектеп екен, ауыл екен. Сіздерге сәттілік тілеймін! Мемлекет әлі де көмектесуге тырысады. Қазақтың осындай азаматтарын тәрбиелеп, шығара беріңіздер!

Аралағаштың іргесінде бройлерлік құс фабрикасы бой көтерді. Келесі жұмада мұнда қанаттылардың алғашқы партиясы сойылып, өнім дүкен сөрелеріне жол тартпақ.

БЕРІК АҚМҰРЗАЕВ, “Солтүстік бройлері” ЖШС директоры, Аққайың ауданы:

Абзал Әбдікәрімов Ленинское ауылының іргесіндегі “Иван Зенченко” серіктестігіне де ат басын бұрды. Агроқұрылымдағы Зеңгі баба төлінің саны 1700-ді құрайды. Оның 860 басы күніне 3 рет сауылады. Әр сауыннан 8 тоннадан артық сүт алынып, өңдеу үшін Петропавлға жіберіледі. Қазір өңірлерге баратын билік өкілдерінің бәрі халықпен кездесу ұйымдастырып жатқаны мәлім. Бұл жолды ұлттық экономика вице-министрі де жалғады. Ол Ленинское елді мекенінде тұрғындармен жүздесті. Мұндағы ағайын ауылдардың бос қалғанын емес, дамығанын қалайды.

АБЗАЛ ӘБДІКӘРІМОВ, ҚР ұлттық экономика вице-министрі:
–  Өткен жылы “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасына 98 млрд теңге бөлінді. Биыл бұл сомма 30 млрд теңгеге көбейіп отыр. Келесі жылы осыдан кем емес ақша бөлінеді.

Ауыл халқын тұрғындардың көшіп жатқаны да алаңдатып отыр. Қазір кейбір елді мекендер маман тапшылығын сезінуде. Мектепте мұғалім, ал алқапта механизатор жоқ.

РАМИЛЬ ГУБАЙДУЛЛИН, Ленинское ауылының тұрғыны, Аққайың ауданы:
–  Өзім білім саласында жұмыс істеймін. Жауап алғым келетін мынандай сұрағым бар: “Дипломмен ауылға” деген жақсы бағдарлама бары белгілі. Алдағы уақытта аталған бағдарлама жалғасын таба ма?

АБЗАЛ ӘБДІКӘРІМОВ, ҚР ұлттық экономика вице-министрі:
– Біз қазір бұл бағдарламаға бөлінетін қаржыны ұлғайту бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Егер бюджет мүмкіндік берсе, қаражат артады. Тиісінше, қатысушылардың санын көбейтуге мүмкіндік туады.

Үшінші мәселе – жалақының төмендігі. Халық дәрігерлер мен мұғалімдердің ғана емес, өзге де мамандық иелерінің табысы ұлғайғанын қалайды.

ЗУБАРЗАТ ЕСКЕНДІРОВА, Ленинское ауылының тұрғыны, Аққайың ауданы:
–  Басқа саладағы, мысалы, электрик, лаборанттардың жалақысы неге төмен?

АБЗАЛ ӘБДІКӘРІМОВ, ҚР ұлттық экономика вице-министрі:
– Мұғалімнен, дәрігерден бөлек, бізде қосымша қызметкерлеріміз бар. Олардың жалақылары төмен. Базалық жалақыны көтеру мәселесін қазір еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қарап жатыр.

Кездесу соңында тұрғындар ұлттық экономика вице-министрі Абзал Әбдікәрімовтен көтерілген мәселерді билікке жеткізіп, тез арада шешу жолдарын қарастыруды сұрады.