Құқық қорғау органдары

СҚО-да билік өкілін қорлаудың 30 фактісі тіркелді

 

48 жастағы қала тұрғыны полиция қызметкерлеріне дөрекілік танытқаны үшін 20 тәулікке қамауға алынуы мүмкін. Жуырда тәртіп сақшылары ер адамды жолды белгіленбеген жерден кесіп өткені үшін тоқтатқан. Азамат полицейдің заңды талаптарына қарсылығын білдіріп, шенді маманға тіл тигізген. Кейін ол медициналық куәландыруға жеткізіліп, тексеру қорытындысы оның масаң күйде болғанын көрсетті. Аталған факті ҚР ҚК 378-бабы “Билік өкілін қорлау” бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Бұл бап бойынша 80 АЕК-ке дейін көлемде айыппұл салу, 80 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 20 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылған. Жалпы, жыл басынан облыста билік өкілін қорлаудың 30 фактісі тіркелді.