Балалар

Балалар жылының қорытындысы

 

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағын жалпыұлттық міндет деп танып, өзінің жаңа жылдық үндеуінде 2022 жылды “Балалар жылы” деп жариялаған болатын. Осыған орай елде өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына, олардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне жағдай жасауға, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдауға, спорт пен салауатты өмір салтын насихаттауға ерекше көңіл бөлінді. Бүгін соңғы аталған салада бір жыл бойы қандай ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылғаны жайлы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов мәлім етті.

Нұрғиса Дәуешов, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі
– Мәдениет және спорт министрлігі биылғы «Балалар жылын» өткізу аясында көзделген барлық тапсырмалар мен іс-шараларды жүзеге асырды. Әзірленген іс-шаралар жоспарында 69 ауқымды іс-шара көзделген, оның ішінде ведомство 9 шара бойынша негізгі орындаушы болып белгіленген. Барлық жұмыс балалардың сапалы және қолжетімді білім алуын, шығармашылық тұрғыдан толыққанды дамуын қамтамасыз етуге, олардың спорттық және шығармашылық әлеуетін арттыруға бағытталған. Жалпы, мәдениет саласында 1 млн-нан астам баланы қамтитын бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылды.

Атап айтқанда, республикалық «Ұлағатты ұрпақ» мәдени-білім беру онлайн жобасы сайттар мен әлеуметтік желілерде жүргізілуде. «Оқушының мәдени нормативі» жобасы қолға алынып, еліміздегі жалпы мектептердің 20%-ын немесе 1 510 білім ұясын қамтыды. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 30%-ға жеткізу көзделіп отыр. Сондай-ақ, бүгінде балалар әдебиетіне арналған danabala.kz веб-сайты жұмыс істеп тұр. Қазіргі таңда ол сайтқа 5 мыңнан астам кітап орналастырылды. Алдағы жылдан бастап қазақстандық жас ақын-жазушылар үшін арнаулы Президенттік әдеби сыйлығын тағайындау жоспарланып отыр.

Нұрғиса Дәуешов, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі
 – «Дені саудың жаны сау» демекші, балалардың спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануына да айрықша көңіл бөлінеді. Мектеп жасындағы жалпы оқушылардың 61,4%-ы дене шынықтырумен, спортпен қамтылған. Республикамызда балалар мен жасөспірімдердің 652 клубы және 138 дене шынықтыру клубы бар, ондағы балалар мен жасөспірімдердің саны 200 мыңнан асады.

Сондай-ақ, еліміздің 7 қаласында «Қолжетімді спорт» бағдарламасы жұмыс істеп тұр. Аталған бағдарлама 20 мыңнан аса адамды қамтиды. 10 спорт түрі бойынша ұлттық мектеп лигасы ұйымдастырылды. Бұл бағдарлама мектеп жасындағы 3 млн-ға жуық баланы қамтыды. Айта кетейік, қолға алынған іс-шаралар келесі жылы да жалғасын таппақ.