Спорт

Жасөпірімдер арасында облыстық чемпионат бастау алды

 

Петропавлда жасөспірімдер арасында бокстан облыс чемпионаты бастау алды.  Дүбірлі дода 4 күнге жалғаспақ. Байрақты бәсеке 100-ге жуық баланың басын біріктірді.

Шаршы алаңда Ғ.Мүсірепов және Шал ақын аудандарының спортшылары бақ сынауда. Тартыс қызу. Қос боксшы жас та болса, осал емес. Дегенмен, көк жейдедегі жылдам қимылдайтын шалғай ауданның өкілі Аруен Ескенов қарсыласына бірнеше соққы бағыттап, жеңіске жетті.

АРУЕН ЕСКЕНОВ, жарысқа қатысушы
– Қарсыласым осал болған жоқ. Дайындығы жақсы.
Шапшаңдығымның арқасында жеңіп кеттім.

Ортаға келесі болып шыққан қарсыластардың екеуі де петропавлдық. Қос спортшы қарқындарын 2-ші раундтың соңына дейін жоғалтпай, үшіншісінде қызыл жейдедегі бәсеңдеп қалды. Сол сәтті қарсыласы – спорт мектебінің тәрбиеленушісі Даниал Далабай ұтымды пайдаланды.

ДАНИАЛ ДАЛАБАЙ, жарысқа қатысушы
– Аз жатықсам да көп тәсіл білемін. Қарсыласым мықты, бірақ ол қолдарын көбінесе төмен ұстап жүрді. Бірінші болып ұра алмады. Осал тұстары бірден байқалды.

АЗАТ ИЛЮБАЕВ, жарыстың бас төрешісі
–  Балалардың спортқа деген қызығушылығы көрініп-ақ тұр. Шаршы алаңға алғаш шығып жатқан спортшылар да бар. Бұл жарыс олардың тәжірибе жинақтауына септігін тигізеді.

Жеңістің биік тұғырынан көрінген боксшылар қаңтар айында өтетін республикалық додаға қатысады.